Гаитидің әрбір оныншы тұрғыны тырысқақ індетіне шалдығуы мүмкін - ДДҰ

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Гаитидің басына түскен тырысқақ індетінің салдары, пайымдалғаннан ауырлау болуы ықтимал, деп санайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері.

"БҰҰ 400 мыңдай адам індеттің құрбаны болуы мүмкін деп пайымдаған болатын, бірақ қазір бастапқы болжамнан екі есе көп көрсеткіш туралы сөз болып отыр", - деп хабарлады ВВС агенттігі.

АҚШ сарапшылары осыдан бір жылдан астам бұрын зілзаладан зардап шеккен, қазір тырысқақтан зардап шегіп отырған Гаитиге халықаралық көмекті арттыруға үндеп отыр. Індет елге 2010 жылдың соңында жайылған болатын. Оған зілзаладан зардап шеккен аудандарда ауыз судың жетіспеуі себеп болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің әрі қарай таралуына жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын мәлім етуде.

2010 жылдың қазан-желтоқсан айларында елде 150 мың адам індетке шалдығып, 3500 адам қайтыс болған. Ал ағымдағы жылдың наурыз айындағы соңғы деректер бойынша, қазір тырысқақты жұқтырғандардың саны 252 мыңнан асады, 4672 адам қайтыс болған. Жаңа болжамдар бойынша, ағымдағы жылдың қараша айына дейін індетке шалдыққандардың саны 779 мыңға жетуі, ал қайтыс болғандардың саны 11 мыңнан асуы мүмкін.

Гаитиде барлығы 10 миллиондай халық тұрады. «Індеттің бетін қайтару үшін, біз Гаитиде жаңа су және кәріз жүйелерін салуымыз керек. Бірақ ол ұзаққа созылатын жұмыс, тырысқақ індетімен әлі бірнеше жыл күресуге тура келеді» - деп мәлімдейді ДДҰ өкілдері