Ғаламдағы ең зор қауіп ? жаппай қырып-жою қаруларына қатысты болып отыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ғаламдағы ең зор қауіп – жаппай қырып-жою қаруларына қатысты болып отыр. Оларды таратпау жүйесін нығайту, түптеп келгенде жер бетін ядролық қарудан тазартуға күш салу қажет. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев бүгін Алматыда өтіп жатқан 8-ші Еуразиялық медиафорумда айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан ядролық зымыран қару-жарағынан өз еркімен бас тарту арқылы ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Еліміз ядролық қаруды таратпау және толық қарусыздану үрдісін дәйекті түрде жақтап келеді. Сол себепті біз осы саладағы кез-келген игі қадамды, соның ішінде, АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің ядрлық қарусыздану және ядролық қаруды таратпаудың халықаралық жүйесін нығайтуды көздейтін бастамасын қолдаймыз», деді Қанат Саудабаев. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдердің бірі бола тұрып, ядролық отын циклінің қауіпсіздігін нығайтуға және жарылғыш материалдардың таралу қатерін азайтуды жақтайды. Мемлекеттік хатшының айтуынша, сондықтан да Қазақстан МАГАТЭ аясында халықаралық ядролық отын банкін құру туралы бастаманы заманмен үндес әрі қажет деп санайды. Бұл қазір ауаға көмірқышқыл газының шамадан тыс таралуы салдарынан ғаламдық жылыну кезінде мемлекеттердің атомды бейбіт мақсатта қолдану құқығын қолдау үшін де қажет. «Біздің басты мақсатымыз - ғаламдық ядролық қарусыздануға қол жеткізу. Осы ретте, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан және өзге елдер осынау аса зор игілікті шараны жүзеге асырудың үлгісі болуы тиіс. Қаржы дағдарысы жағдайында әлемнің көптеген елдері өзара тізе біріктіріп, қиындық пен зардапты жоюға күш жұмылдыруда. Енді бүкіл ғалам планетаны ядролық қару тажалынан құтқаруда да бірігуі керек. Бұл форумда ашық әрі шығармашылық еркін пікір алмасу негізінде бүгінгі күннің шындығы мен дағдарыстан кейінгі әлемнің болашағын болжау жайы талқыланады деп үміттенеміз. Мұның өзі әлемде теңдік пен еріктілік және нақты мүддеге негізделген Еуразия қоғамдастығын 21-ші ғасырдағы ғаламдық экономика мен саясаттың маңызды факторы ретінде есепке алатын болады», деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев.