«Ғаламдық алмасу» бағдарламасының екінші кезеңі басталды

АЛМАТЫ. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Ғаламдық алмасу» (Global Xchange) халықаралық жастар бағдарламасының екінші кезеңі басталды.

Ол жайлы бүгін Алматыда Ұлыбританияның білім және ғылым мәселелеріне арналған халықаралық British Council ұйымының үйлестірушілері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шетелдегі еріктілік қызмет (VSO) пен British Council қолдауымен ұйымдастырылған «Ғаламдық алмасу» бағдарламасы әлем тұрғындарына бір қоғамға бірігіп ауқымды мәселелерді шешуге көмектесуді көздейді. Ол биыл 10-нан астам елде жүзеге асырылуда. «Бағдарламаның алғашқы кезеңінде қазақстандық 9 ерікті наурыз айында Ұлыбританияға аттанған болатын. Олар онда британдық 9 әріптесімен бірге 3 ай бойы Стенстед қоғамдастығында, Харлоу және Бишопс Стортфорд қалаларындағы түрлі қайырымдылық ұйымдарында жұмыс істеді. Енді бұл команда АҚТҚ, ЖҚТБ дерттеріне шалдыққандар мен мүмкіндіктері шектеулі жандардың мәселелерімен айналысатын мемлекеттік және жекеменшік мекемелермен бірлесе жұмыс істеу үшін Шымкентке аттанбақ. Оған «Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының» Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімшесі серіктес болып отыр», - дейді «Ғаламдық алмасу» бағдарламасының үйлестірушісі Алистайр Честнат. Оның айтуынша, бағдарламаның екінші кезеңі де 3 айға созылмақ.