Ғаламтор және кітап - ғұмыр

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі нарық билеген заманда дүйім жұрт рухани қажеттіліктен гөрі, тән қажеттілігін өтеу үшін материалдық дүниеге көбірек көңіл бөліп жүр. Осы тұста адамдар бұрынғыдай кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатқанын байқаймыз. Соның салдарынан жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастағандай. Қазіргі ақпараттар нөпірі сананы еріксіз жаулап алып, жастарды рухани жұтаңдыққа ұшыратып отырған жоқ па? Осы сұрақтардың төңірегінде түрлі сала мамандарынан сыр тартып көрген едік...

- Біз жастарды кітап оқымайды дей­міз. Тіптен күнделікті тірлік қамымен жүр­ген үлкендеріміз де кітап оқуды си­ретті. Ара-тұра ата-аналардың аузынан «Ба­ламның тамағы тоқ, көйлегі көк, қал­ға­нын өзі оқып алады»,- деген пікір­лер­ді де естіп қаламыз. Осылай кете бер­сек, ұрпағымыздың болашағы не бол­мақ?

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы:

- Иә, жаңалықты, бүкіл әдебиеттегі бо­лып жатқан өзгерістерді іздеп жүріп оқитын кешегі жас буын, бүгінгі жастардың ата-анасы - үлкендердің де кітап оқудан алыс­тап кеткені ешқандай көлеңкелейтін мәселе емес, ол басы ашық жайт. Шынын­да да кітап оқудан қалды. Өйткені, техни­ка­лық прогресс күшейіп кетті. Ақпарат көп, жан-жағымыздың бәрі экран, керек ақпаратты саусақпен түртіп алып отырмыз деген бір ақталу сөз, сылтау аргумент­термен тү­сін­ді­рі­леді. Бұл - адам қорқатын­дай жағ­дай. Шынын айту керек, кеше біздер үлкен бір өтпелі кезеңді артқа тастадық. Әлде де өтіп келе жатырмыз. Ал өтпелі кезең деген ол төңкеріс болмаса да, эволюциялық құбылыс қана болғаны­мен біздің сана-сезі­мі­мізге, дүниетаны­мы­мызға және әлеу­мет­тік мәселелерге қат­ты әсер еткені рас. Ол - тарихи бет­бұрыс. Тіпті, бізде өзі­міз­дің рухани, мә­де­ни дамуымызда кейін­гі он жылдықтарға шегініп қалмасақ екен де­ген қауіптер де болған. Және сол қауіп­тер бекер емес екен. Кесір-кесапатты кө­рініс­тері қазір әде­­биет­­тен, жалпы рухани жағдайлардың ме­шеулігінен, өнері­міз­дегі кемшіліктерден, сол кемшілікті Ба­тыс­қа еліктеу арқылы толтырамыз де­ген әбігер әрекеттерімізден көзге бадырайып анық байқалып тұр. Осыдан жиырма жыл бұрын «Байтал түгіл, бас қайғы» деген заман болды. Біздің тұр­мы­сымыз, жейтін нанымыз, киетін киім-кешегіміз, күнделікті пайдаланатын жа­ры­ғымыз, балаларымыздың оқулығы, дәрі-дәр­ме­гі­міз­дің бәрі проблема болғаны шындық. Сол жағдайда кітап оқу, жалпы руханият мәселесі өте қатты күйзеліске ұшырады. Ол қоғамның өте нәзік әрі күшті құбылыс­тары. Ең алдымен, әдебиетіміз, өнеріміз өркениеттің нәзік тұстары соқ­қыны бірін­ші қабылдайды және содан зардап шегеді. Қазір жағдайымыз ептеп жақсар­ды. Өміріміз сәулеттенді. Бірақ барлық салалар дамып жатқанымен, руханият мәселесінде осы кесел терең із қалдырды да біздің психологиямызға шөгірдей кіріп кетті. Біз осыдан құтыла алмай, өзіміздің мәдени руханияттағы ізденіп оқитындай ментали­те­тімізден айырылып қалдық. Сондықтан да кешегі керемет интузиаст, романтик - Мұқа­ғалидың өлеңдерін, Әб­ді­жәмілдің, Шыңғыс Айтматовтың кітап­та­рын іздеп оқитын жастардың бүгін «Ме­нің ұрпағым кітап оқыса да, оқымаса да өзінің нанын тауып жесе болар, әйтеуір аман болса бол­ды» деген жиеншар, керенау торға еніп кеткендігі осы. Бұл - үлкен тарихи құбы­лыс. Тарихи негізі бар мәселе. Бірақ саналы ел, өсеміз өркендейміз деген ел бұл керенаулықтан, кезінде жіберіп алған қателіктен құтылу керек. Ол әде­биет­ті сүю, ұрпақты әдебиетке сусындату, әде­биет­ке келу.

Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, социология ғылымдарының докторы, профессор:

- Ата-ана күйбең тірлікпен жүргенде біз жастардың рухани құндылықтарының төмендігін қалыптастырамыз. Бала тәр­бие­сіне уақыт табу керек. Уақыт жоқ деген ол - сылтау, енжарлық. Қазірдің өзінде жастарға интернеттен қарайтын боевиктер, біздің ұлттық менталитетімізге сай келмейтін мінез-құлық үлгілері көп әсерін тигізуде. Жастардың рухани құндылықтары әлеуметтік желіде бір-бірінің айтқан тәжірибелері, ойлары арқылы қалып­тасу­да. Ал көркем шығарма жастарға кемелденген ұрпақ пен жас ұрпақ арасындағы таптырмас көпір болып табылады.

Ұлмекен Сатымқызы, психология ғы­­лымдарының кандидаты, БжҒМ-нің доценті, ҚазПУ-дың білім беру психологиясы және әлеуметтік коммуникация кафедрасының меңгерушісі:

- Бүгінгі жастардың кітап оқуға құ­мар­лығы төмен екендігі күмән тудырмайды. Жаһандану заманында бұқаралық ақпараттар ағымы толассыз ағылуда. Бұл мәселені бір жақты қарауға болмайды. Бүгінгі жастардың психологиясы бұрынғы­дан мүлдем өзгеше. Экономиканың үлкен қарқынмен дамуы әр адамның өзін-өзі материалдық жағынан қамтамасыз ету қажеттілігін тудырады. Адамның ма­тер­иал­дық жағдайды ойлауы бірінші орынға шығып, оның рухани байлықты игеруге деген ынтасы кеміді. Ата-анада баласын ішсін, жесін, мәртебесі биік болса деп тәрбиелейді. Яғни батыстың индивидуалды психологиясы әрбір жастың бойына сіңеді. Қазір ақпаратты тек кітаптан ғана емес, ғаламтор көздерінен, бұқаралық ақпарат құралдарынын-ақ алуға болады. Бүгінгі баланың қолында I Pud, Planshet,I Phone және тағы басқа электрондық құ­рал­дар өте көп. Мұның өзі кітап оқу үрдісін алмастыра алады, бірақ бұл баланың қоғамда әлеуметтенуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазір ұжымдастырудан гөрі индивидуализация психологиясы басым. Бұл заман ағымы және өмірлік талап, адам санасы қоғамдағы болып жатқан өзгерістермен тығыз байланысты. Толассыз келіп жатқан ақпараттардың сана өрісінен өтуі екіталай. Бірақ XX ға­сырда жастар кітапты қолдан-қолға тигіз­бей оқыған болса, ХXI ғасыр жас­та­ры­ның классик жазушылардың кітап­та­рынан тәрбиелік және рухани байлықты алу жағы жеткіліксіздеу. Дегенмен, қазіргі жастарды кітап оқуға баулу керек деп ойлай­мын. Ол отбасында мектепте, жо­ғары оқу орындарында үрдіске айналуы керек. Мәде­ниетті адам болуы үшін бір­неше тілді иге­ру әрі рухани байлық кітапты дәстүрлі оқи алатындай болуы керек.

- Бұрындары жастар қолдарына тиын түсе қалса, өздері ұнататын көркем шығармаларды сатып алуға ұмтылатын. Сосын жақсы шығармаларды қолдан-қолға өткізіп оқитын. Ал қазір керісінше, жас­тар ақшасын телефон бірліктерін са­тып алуға, интернет қызметтерін тө­леуге жұмсайды. Осының соңы рухани ашаршылыққа әкеліп соқтыратыны сөз­сіз. Ендеше, жастарды кітап оқуға қалай баулығанымыз жөн деп ойлайсыз?

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ:

- Кешегі Кеңестік кездегі әдебиетті ең жақсы - соцреализм биігіндегі дүние деп жүрдік. Соның өзінде де «дүние­құмар­лық» де­ген­ді иттің етінен жек көрдік. Енді сол «дүниеқұмарлықтың» заманы келді. Ол нарық заманы, шынтуайтына келгенде капитализм­нің бірден-бір қағидасы. Бірақ осы «дүние­құмарлық» шын мәнінде дүние­нің құлы болып кеткен сол дүниені бірінші планға қойған қоғам үшін үлкен қасірет. Нарықтың адамы болған екенбіз, тек қана ақша жүреді екен, тек қана заттық материалдық қана пай­далардың игілігі біздерді ілгері апарады екен деген жаңсақ пікір руханияттың бар қадір-қасиетін ысырып тастап, зор­лық­пен тізеге басқандай, бүкіл сана-сезімімізді жаулап алды. Сондықтан жас­тарымыз қалтасына тиын-тебен түссе, қымбат ұялы телефондар, техника алуға жұмсай­ты­ны шындық. Бұл тағы да айналып келгенде ұрпақ тәрбиесіне дұрыстап мән бе­руі­мізден. Біздің жас кезімізде велосипед алу деген сән болған. Әрине, қолы жеткендер алды. Байдың баласы алды, арада бәсеке болатын. Қазіргі жастарда да сондай мінез біреудің баласы қымбат телефон ұстаса, екіншісі де бәсекеге тү­се­ді. Ешкімнен кем қалмайын деген ұм­ты­лыс. Ондай қымбат телефондар олар үшін ақпарат көзі, дүниетанымын кеңейту болып табылады. Олар оны ғылым-ілім тұр­ғы­сынан пайдаланудан гөрі, бәсекеге - менде ондай жоқ, екінші біреуде бар, мен неге одан кем болам деген түсінікте ұста­на­ды. Жалпы, адамилық, қоғамдық бәсе­келік таласқа айналып бара жатыр. Бұрын былай болатын - егер сен жаңа шыққан кітапты оқы­масаң, жаңа шыққан Қадыр­дың өле­ңін білмесең, өз қатарыңнан сауа­тың на­шар адам сияқты көрінетінсің. Ол үлкен намыс болатын. Бұрынғы жастар­дың әдемі жан байлығына, білім байлы­ғына деген ұм­ты­лысын қазіргі зат, дүние бай­лығына ұмты­лыс басып кетті. Жастарды тәрбиелеу керек. Жалтырақ дүниенің арғы жағында рухани құндылықтар қалып қойып жат­қанын оларға ұғындыруымыз керек.

Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:

- Қазіргі ғасыр - ақпарат ғасыры. Со­ның жетістіктерінің бірі интернет желілері және оның атқаратын көпқырлы қызмет­тері. Жастар көркем әдебиет оқымайды деп айта алмаймыз. Мектеп бағдарла­ма­сын­да қазақ, орыс әдебиеті сабақтарында міндетті түрде оқып, танысуға тиісті шы­ғар­малар тізімі оқушыларға беріледі. Ал сол шығармаларды оқушылар қай дең­гей­де оқыды, талқылады, қабылдады ол мұ­ға­лімнің әдісіне, қадағалауына, талап етуіне байланысты. Жастар қаладағы кітап­ханадан гөрі, қажет еткен кітаптарын сол өзі оқитын шаңырағы астынан таба алса ғана оқуы мүмкін. Себебі, қазір жас­тар­дың уақыты санаулы. Сондықтан да кітап­ханалардың орналасқан жері, кітап қорының байлығы, интернет ресурстарды пайдалану мүмкіндігі жастарға көп әсер етеді. Кеңес кезеңінде интернеттің болмауы, адамдардың рухани байлыққа деген қызығушылығын арттырды. Оған әсер еткен ата-ана, яғни отбасы болса, мектеп мұғалімдерінің де ықпалының елеулі бол­ға­нын айтуымыз керек. Қазір сол ұрпақ әлі де болса біздің қоғамда ұлттық құн­дылық­тарды болашақ ұрпаққа жеткізуші болып отыр. Ал қазіргі ұрпақ ол құнды­лық­тарды өзінің керегінше пайдаланады. Біздің әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «100 кітап» бағдарламасы шеңберінде жастар білуі керек деген шы­ғар­малар тізімі жасалып, солардың өз орталарында талқылануда. Осындай іс-шаралар жастардың көркем шығарма­ларға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, насихат жұмысын жандандыру керек. Қазіргі ақын-жазушылар шығармаларымен тек мерейтойлары қар­саңында ғана емес, күнделікті, жүйелі таныстыру шаралары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асуы керек.

Ал жастардың қалаған кітаптарын са­тып алу жайына келер болсақ, ондай жас­тар аз да болса бар. Оларды көркем шы­ғар­малардың бір саласының фанатигі деуге болады. Кеңес Одағы кезінде өз кі­тап­­ханасын жасақтаған, ұмытылмас клас­си­калық әдебиеттер қоры бар адамдар көп болды, әсіресе, ғалымдар, шығар­ма­шы­лық мамандық өкілдері арасында. Қа­зір электрондық кітапхана жасаушылар кездеседі. Екінші бір себеп, жастардың кі ­­тап сатып алуға материалдық мүм­кін­дігі­нің жоқтығы да олардың қалаған кітабын сатып алуларына әсерлерін тигізеді. Интернет жүйесінде сол шығарманың болуы да кітапты сатып алу қажеттілігін тежейді. Үшіншіден, кітап дүкендерінің аздығы, алыс­тығы әсер етеді. Арнайы маманданған кітап дүкендері көп болса, ол да жастардың кітап сатып алу мүмкіндігін кеңейтеді. Қа­зір керек шығарманы электрондық кітап дүкендері арқылы тапсырыс жасап, әлем­нің кез келген түкпірінен сатып алуға болады. Мәселе жастардың қызығу­шылы­ғын­да, материалдық жағдайында, күйбең тіршіліктен қолдарының босамауында. Жастарға тәуліктің бір уақытын кітап оқу­ға арнау дағдысын кішкентайынан қалып­тас­тыру керек. Жастарды рухани байлыққа жетелеу отбасынан бастап, барлық әлеу­мет­тік институттардың міндеті болуы керек. Ал қазіргі тәрбие практикалық ба­ғыт­та болып тұр. Басты ұстаным - қалай да ма­­мандық ал, қалай да мансапқа жет, т.б. Сонымен қатар, сен болашақ тұлғасың, сенде мынандай қасиеттер болуы керек, мынандай көркем шығармалар оқысаң, рухани жан дүниең молырақ болады деген насихат көбірек айтылып, әр үйде олардың оқуына лайықты кітаптар қоры көбірек жи­нақталса, оқуға ниеттенеді деп ойлаймын.

Ұлмекен Сатымқызы:

- Баланың кітап оқуға деген қызығу­шы­лығы ерте жастан басталуы керек, яғни ол отбасы тәрбиесіне тікелей байланыс­ты. Кітаптар да заман талабына сай түрлі-түсті бояулармен безендіріліп, бала­ның қызығушылығын оятуы қажет. Менің ойымша, мектеп бағдарламасына сәйкес хрестоматиялық оқулықтарды оқу өте қатаң талап етілсе, баланың зейінін, ойлау қабілетін, қабылдауын, есте сақтау процесін арттыруға болады.

Жастардың кітап оқуға деген қызығу­шы­лығын арттыру үшін электронды оқу­лықтарды енгізу қажет. Осы электронды оқулықтар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырады. Әрі оны қолдану өте тиімді, ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болып табылады.

- Қазіргі кезде жастардың көпшілігі кітапханаларға өздерінің мамандығына, оқуларына қатысты ақпарат алу мақса­тын­да барады. Ал көркем әдебиетті оқуға баратын жастар аз. Көркем шы­ғар­­маларға қызықпаушылық қазіргі саны көп, сапасы жоқ кітаптардың көбейіп кетуінен емес пе? Сол арзанқол шы­ғар­маларды шығаруға тосқауыл қою­ға бола ма?

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ:

- Шынында да саны көп, сапасы жоқ кітаптардың көбейіп кеткені рас. Қазір ақшасы бар кез келген азамат өзінің өмір­баянын, біреумен жазысқан хат- та­рын, түскен суреттерін ортаға тықпалап, кітап қылып шығарып жатыр. Мейлі шы­ғарсын, бірақ өзінің үйінің кітапханасы үшін шығарсын. Оны көпшілікке таратудың қажеті шамалы. Кітаптар, әрине, шығуы керек. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Нағыз көркем әдебиетті жасау деген шедеврлерді, жауһарларды жарқырата шығарып, руханиятты ұлттық игілікті молайтуға деген ұмтылыс. Ал сол үр­дісте бәрі бір саптан шыққандай әдемі шы­ғармалар туа қалуы тіптен мүмкін емес, өйткені, ол - әдеби процесс. Ол - жал­пы құбылыс. Оның бәрін сапасыз кітаптар көбейіп кетті деп айтуға да болмайды. Кітаптың атын жамылып, қағазды қор қылып, өзіндік еш мәні жоқ кітаптар бі­реу­лердің үйлерінде тұрады. Әрі олар үл­кен абыройлы ақсақалдардың том-том еңбектерін ысырып тастаған, оны басып кететіндей, зілдей кітаптар. Ол кітаптың қадірін кетіру, тіптен ұят нәрсе. Қазір ондай керексіз кітаптарды шығаруға ешкімге тиым салынып жатқан жоқ. Дегенмен, жастар солардың арасынан нағыз көркем шығармаларды таңдап алып, оқып жатса, оларға үлкен алғыс айтуымыз керек. Жал­пы, жастар ізденуі керек, жақсыны жақ­сы, жаманды жаман деп тани білуі керек. Бұл - кітапты ғана тану емес, өмір­ді тану, болашағын бағдарлаудың үлкен аспектісіне айналуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, әде­биет те, көркемсөз де, өнерсөз де жақсы­лыққа бастайды, биік талғамға бастайды. Ал талғамы жақсы адамды халық таниды. Қазіргі жұртшылық қазақы мен­талитетін жоғалтып алған жағдайда тұр.

Ұлмекен Сатымқызы:

- Көркем шығармаларға қызығу­шы­лық­қа саны көп, сапасы жоқ кітаптардың көбеюінің еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Себебі, қандай да шығарманың өзі­нің оқырманы бар. Мына кітаптың деңгейі төмен немесе жоғары деп баға беру - ол әдепсіздік. Арзанқол шығармаларды шығаруға тосқауыл ретінде осы кітаптарға өкімет тарапынан нормативті талаптар қойылса, сараптамаға салынып, талданса, оқырманның жас ерекшелігіне сай талдаудан өткізілсе, аталмыш пікірталас туындамас еді.

Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:

- Қазіргі кезде Қазақстан Республика­сы еліміздің интеллектуалды потенциалын дамыту, адамдық ресурстардың сапасын, яғни халықаралық деңгейде бәсекеге төтеп бере алатын жастарды қалыптастыру міндетін алға қойып отыр. Алға қойылған мақсатқа жетудің бірден-бір жолы - жас­тар­дың ғылыми және көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Жастар жоғары білікті мамандар болуларымен қатар, адамзат қалдырған дүниежүзілік және отандық көркем шығармалардан хабардар болуы керек. Бұл олардың рухани дүниесін байыта отырып, жоғары мо­раль­дық ұстанымдары бар азамат болып өсулеріне септігін тигізеді. Қазіргі кезде жастардың әлеуметтік құндылықтары ра­цио­налдық бағытқа қарай өзгеріп отыр. Олар негізінен, практикалық тұрғыдан солай қалыптасуда. Жастардың көп бөлігі кәсіби білім ала жүріп, жұмыс істейді. Уақыттарының тарлығынан олар кітап­ха­на­ға тек сабағына қатысты, не жазба жұ­мысына қатысты әдебиеттерді қарауға барады. Ал керекті ақпарат интернет көздерінен табылып жатса, мәселе басқа. Кітапханаға көркем шығарма оқуға шы­ғар­­машылық мамандықты таңдағандар мен сол шығармалардан нәр алғысы келе­тін жастар барады деп ойлаймын. Сонымен қатар, кітапханада демалыс кезінде көркем шығарма оқушылар да жоқ емес. КОМКОН-2 Еуразия орталығының зерт­теуле­рі бойынша қазақстандықтардың 16 жастан асқан тұрғындарының 32,9% кітапқұмарлар тобына жатқызуға болады екен. Олардың ішінде детективтер мен шым-шытырық романдарды оқитындар бірінші орында тұр. Кәсіби әдебиетті қазақстандықтардың 25,0% сатып алса, салмақты әдебиеттерді интеллектуалдар ғана сатып алады. Жоғары деңгейдегі кеңестік және қазіргі көркем шығарма­лар­ды қазақстандықтардың 5,0 % сатып алады. Бұл жерде кітап сатып алушы­лар­дың материалдық деңгейі орта, жоғары екенін ескеру керек.

Көркем әдебиеттің ішінде кітапқұмар­лар­дың 1,1% XX ғасырдың шетелдік прозасын 1,0% XX-ға дейінгі прозаны 0,9 % отандық прозаны 0,6 % таңдайды.

- Қайсыбір жастар кітап оқиды. Бі­рақ берер тағылымына үңілмейтін сияқ­ты. Көпшілігі электронды кітаптарды оқи­ды. Сол электронды кітаптар мен бас­падан басылып шыққан кітапты оқудың айырмашылығы неде?

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ:

- Иә, шынында да мына жағдайда жастардың электронды кітапты оқығаны­ның өзіне шүкіршілік айтуымыз керек. Әрине, бұл техника, прогресс, бұл үдерістер жеңеді. Ертең саусағымызды шертіп қалып, көз алдымызға кез келген кітапты әкелетін технологияға жетуіміз мүмкін. Кітапты оқудың мәнісі - оның ішіндегі сөз­дің мәйегін, философиясын, айтар ойын ала білуде ғой. Қайдан оқыса да. Әріп сол бір әріп, сол бір сөз. Бірақ әрине, табиғи кітап оқығандай болмайды. Пси- холог мамандар кітаптың әр парағын сау­сақ­пен ашудың өзі адамның жанына кереметтей ләззат беретінін, адамның қанына толқыныс беретінін дәлелдеген. Бірінші бетін аяқтап, келесі бетке көш­кен­нің өзі ойдың ұмтылысына, мидың жасу­ша­ларының толық жұмыс істеуіне әсер етеді екен. Мысалы, қазақ етті темір тә­рел­кеден темір қасықпен жегеннен гөрі, ағаш астаудан бес саусақпен асағанды денсаулыққа әлдеқайда пайдалы екенін айтады. Сол сияқты, кітапты темір жә­шіктен оқығаннан гөрі, көзбен көріп отырып, саусақпен парақтап оқыған тиімдірек деп ойлаймын. Бұл екеуінің арасында үлкен айырма бар. Тіпті, Пушкиннің өзі өмір­ден кетерінде адаммен емес, сөредегі кітаптарымен «Қош болыңдар, менің дос­тарым» деп қоштасыпты. Сондықтан «тірі кітап» оқудың мәнісі өте зор.

Өйткені, ешқандай орг техника да, ешқандай экран да кітап дейтін қасиеттіні ауыстыра алмайды. Кітап жастығыңның астында жатады. Түсіңе енеді, онымен сырласуға болады. Оған қайта-қайта оралып соғуға болады. «Тісі шыққан балаға шайнап берген, ас болмас» демекші, бұл - халықты жалқаулыққа, енжарлыққа үйрету. Ал баспадан шыққан кітапты оқу үлкен еңбек. Ләззатты еңбек, рухани пайдасы өте терең еңбек. Міне, сондай оқу еңбегіне жас ұрпақты қайта баулуымыз керек.

Ұлмекен САТЫМҚЫЗЫ:

- Біріншіден, электрондық кітап бүгінгі күн­нің талабына сай өте қажет. Ғалам­тор­ды пайдалану жастар үшін тиімді, ыңғайлы (әрқашан да қолында, іздеу қажеттілігі жоқ). Екіншіден, баспадан басылып шыққан кітаптарды арнайы іздеп табудың өзі уақыт алады. Үшіншіден, электрондық кітапты оқу кезінде қажет мағлұматты көшіріп алу мүмкіншілігі бар. Сондықтан қазіргі кезеңнің заманауи талабына сай электрондық кітаптар қажет.

Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:

- Иә, айтқан ойыңмен келісемін. Жас­тар керекті көркем шығармаларды көбі­не электрондық кітап нұсқаларынан оқи­ды. Бұл - өте тиімді. Жолда, жұмыстағы, оқу­дағы бос уақытында электрондық кітап оқитын жастар саны баршылық. Элект­рон­дық кітаптардың мазмұны баспадан шыққан кітаппен пара-пар. Мәтін өзгер­мей­ді. Электрондық кітап орын алмайды, қай жерде де интернет арқылы, ұялы телефон арқылы пайдалана аласың. Сол жағы­нан ыңғайлы. Қазір мектеп оқулықтары­ның өзін электрондық түрде қолдану ке­­рек­тігін айтудамыз. Дегенмен, элек­трондық кітап вертуалды. Оны қабылдау ерекшеліктері болады. Жастардың кей­біреуі электрондық нұсқаны үстіртін қа­был­дауы мүмкін. Сонымен қатар, үзбей интернетті пайдалану жастар денсау­лығына, әлеуметтік коммуникациясына кері әсерін тигізеді. Жастар оқшау­ла­нып, өзара қарым-қатынастан айырылады. Дегенмен, электрондық кітаптардың пайда болуы басылым арқылы шығатын кітап­тардың керексіз болуына алып келеді деп айта алмаймыз. Әлемдік сарап­шылардың айтуы бойынша, жақын 10 жыл шамасында электрондық кітапты тұрғындардың 10% оқитын болса, қалғандары кітаптың қа­ғаз­дағы басылымын оқитын болады. Яғни электрондық кітаптар кітаптың қағаз түрін айырбастай алмайды.

- Шетелдерде кітапханаларды айт­па­ғанда, кітап дүкендерінің өзінде оқыр­мандарға көп жағдай жасалған. Мәсе­лен, қалаған шығармасын сатып ал­­май-ақ, сол жерде отырып оқуына мүмкіндігі бар. Ал бізде кітап дүкен­де­рі­­не барсаңыз, жақсы кітаптарды кез­дестіресіз. Бірақ олардың сатылым ба­ғасы тым жоғары. Сонда студенттер мен қарапайым халық кітап сатып ала ма, әлде әлеуметтік жағдайларын түзей ме?

Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:

- Иә, жоғарыда айтқандай, жастардың басым бөлігінің кітап сатып алу мүмкіндігі жоқ. Кітап дүкендерінде кітап оқуға жағдай жасалса, олардың рухани танымын арттыру үшін жақсы болар еді. Қала­ған кітабын оқып, қайта орнына қояды. Сонымен қатар, кез келген оқу орындарында да кітапқұмарлардың арнайы одақтары құрылып, сол желі арқылы да кітап оқуға, айырбастауға, жаңалық­тар­мен бөлісуге болады.

Ұлмекен Сатымқызы:

- Әрине, оқырманды қызықтыратын - кітаптың мазмұны. Кітаптағы мағлұмат оқыр­манның өз басының рухани, интел­лек­туалдық қажеттіліктерін қанағат­тан­дыруы керек. Егер осы кітаптардың маз­мұ­нын сөрелеп қарайтын сараптаушылар, сыншылар жоғарғы деңгейде болса ғана оқырмандар көзқарасы позитивті болар еді. Бiрақ мұның бiрнеше түйткiлi бар. Мысалы, ЖОО-ның студенттеріне арналған оқулық немесе оқу құралын жазу кезінде олар барлық тексеру процедураларынан өткенше (кафедра, декан, О.Ә.Б, ғылым, кеңес) бірталай уақыт өтеді де, шығу ке­зеңінде кітаптың мазмұнындағы кейбір мәліметтер ескіріп қалады және бағасы да төмендейді. Бұл жағдайды да ескеру керек. Меніңше, қазір заманауи талап­тарға сай кітаптар да баршылық. Әйтсе де, қазақ тіліндегі кітаптарды кең түрде презентациялау жеткіліксіз.

Сайлаубай Жұбатырұлы:

- Менің өмірім кітаппен байланысты болғандықтан, жазушы ретінде кітапты сатып алғаны жақсы дер едім, бі­рақ расында да бағалары өте қым­бат. Жұрттың әлеу­меттік жағдайын ес­керер болсақ, әри­не, кітап бағасы қол­жетімді болуы керек қой. Егер жақсы кі­тап­тарды шы­ғару­ды мемлекет тұтас қам­қорлығына ал­са, әрине, нұр үстіне, нұр болар еді. Де­генмен, баяғыдай мемлекеттен бө­лі­нетін қар­жымен шығып жатқан кітаптар аз. Сон­дықтан біздер кітап шығаруға демеу­ші­лер іздейміз, жұрттан ақша сұраймыз. Міне, осы жағдай кітап­тардың қымбат­тауына әкеліп тұр. Ал жазушы алған қаламақысына қанағаттануы керек. Ол өзінің еңбегі ғой. Және ол инемен құдық қазғандай ауыр еңбек қой. Ең басты мәселе - қайткенде де біздер жас­тарды кітап оқуға баулуымыз керек.

- Қазіргі кезде қандай кітап оқып жүрсің? - дегенде, жаттанды болып қалған авторлардың тізімін атаймыз. Мәселен, М.Әуезов «Абай жолы», Ә.Нұршайықов «Махаббат қызық, мол жылдар», т.б. Сон­да қазір одан басқа оқитын көркем шығармалар жазылып жатқан жоқ па? Жалпы әдебиетте, соның ішінде «Балалар әдебиеті» нелік­тен кенжелеп тұр?

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ:

- Кітап оқымайтын халық кітап туралы айтқанда, баяғы, ескі таптаурын кітаптар туралы айтпай, басқа не айтады? Бұл - бір қатпары. Екіншісі, шынымды айтайын, Ал­ма­тыда отыз жыл тұрдым. Республикаға, шетелге танылдым. Бірақ қазір өзімді про­винциялық жазушымын деп кейде бейнелеп айтамын. Себебі, менің кітап­та­рым шығып жатыр, бірақ ешкім білмейді, оқи алмайды. Мысалы, Атырауда шыққан кітапты Шығыс Қазақстан халқы, Өске­менде шыққан кітапты Батыс Қазақстан халқы білмейді. Біз өз қазанымызда өзі­міз қайнаған жағдайға түсіп қалдық. Бұл - мешеулігіміздің тағы бір көрінісі, рухани мәселеміздің қиындығынан туып жатқан нәрсе. Кезінде бір шыққан кітап, ең аз де­ген­де, 30 мың данамен шығатын да, ең болмаса әр дүкенге, әр кітапханаларға түсетін. Оның шырайын кіргізетін, іздеп жүріп оқитын жастар еді. Кітап жазу - оны оқырманға жеткізу - бір кешенді мәселе ғой. Міне, осы жағдайлар біріне-бірі әсер етіп, бізді мешеулендіріп отыр.

Балалар әдебиеті - әдебиеттің ең үл­кен негізі. Кез келген ғұлама жазу­шы­лар­­дың бәрі алғашқы қадамын балалық өлең­дерден бастады. Балалық новеллалардан бастады. Бұл - табиғи құбылыс. Біз де балалықтан бастадық. Балалар әде­биеті әдебиетіміздің де, оқырмандары­мыз­д­ың да қалыптасуының негізі. Баяғы Шерхан ағаларымыз, Фариза апаларымыз ұйымдастырған «Жалынның» бай­қауын­­дай байқаулар жоқ. Бәрі сатулы, ақын­дар мүшәйра үшін өлең жазады. Өте өкініш­ті жағдай. Өлең, өнер бәрі тиын-тебен­нің құлына айналып кетті. Мен өзім балалар әдебиеті арқылы өстім, содан жар­қырап әлемге танылдым. Бірақ қазір ондай деңгей жоқ. Қамқорлық керек, көңіл аудару керек.

Ұлмекен САТЫМҚЫЗЫ:

- Балаларға арналған әдебиетті басып шығаруға аса ерекше көңіл бөлген жөн деп ойлаймын. Кітаптар балаларды жан-жақты, интеллектуалды, эмоционалды дамыту мақсатында құрастырылуы қажет. Балалар әдебиеті үшін заманауи кейіпкерлерді табу қажет. Бұл да өзекті мәселенің бірі. Себебі, жас бүлдіршін­дер­дің санасын батыс өнімдері жаулауда. «Өрмекші адам», «Бэтмен», «Тор», «Гарри Пот­тер» және т.б. кейіпкерлерге балалар еліктейді. Еліміздің ғұлама тұлғаларын, батырларын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тарихын мүмкіндігінше молынан насихаттау қажеттілігі артуда. Еуропаның дамы­ған елдерінде, оның ішінде Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды. Ал Ұлы­британия, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде кітапқа салық мүлдем салынбайды. Қазақстанда да солай болуы тиіс. Балаларға арналған кітап­тар­дың мазмұнына, көркемделуіне ерекше көңіл аудару қажет. Кішкентай баланың зейіні әлі ырықсыз, толық қалыптаспаған­дық­тан кітаптағы суреттер әсем, нақты тар­тымды, түсінікті, айғаққа сай болуы керек. Егер балаларға арналған кітап жас ерекше­ліктеріне, психологиясына сай құрасты­рылса, олардың сол кітапты оқуға құмар­тары сөзсіз.

Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:

- Негізінен, классикалық көркем әде­биет­ті жастардың білгені құптарлық. Қа­зір балаларға арналған көркем шығармалар аз деуге болады. Ол біздің ақын-жазушы­ла­рымызға байланыс­ты. Сонымен қатар, көркем әдебиетті сұрыптау, сараптамадан өткізу, оларды насихаттау, тарату жұ­мы­сының ықпал­ды­лығын арттыру керек.

Гүлім Сыдықова