Ғаламторды БАҚ туралы заң аясында қарау дау туғызбайтын шындық - Мәжіліс депутаты
15:47, 30 Сәуір 2009
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Кез келген мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігінің бір саласы ретінде бұқаралық ақпарат құралдарын атайды. Сондықтан да ол төртінші билік делініп жүр. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық ойды ғана емес, қоғамдық сананы да қалыптастырады». Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Журналистік ұйымдар, әр деңгейдегі қоғамдық қозғалыстар, оппозициялық саяси партиялардың басшылары осы заңның жобасы бұқаралық ақпарат құралдарына төнген қауіп деп атап үлгерді. Алматыда өткен медиа-форумда Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының өкілі алаңдаушылық білдірді, бірақ ол Интернетті барлық ақпараттың анасы деп атады. Шынымен осы заң жобасы қабылданғанда бұқаралық ақпарат құралдарына қауіп төне ме? Мәселенің мәні: Бас прокурор ұлттық заңнамаға қайшы келген жағдайда ғаламтордағы ақпаратты тоқтата тұру құқына ие. Бірақ түпкілікті шешімді сот шешеді. Сонда бұқаралық ақпарат құралдарына қандай қауіп төніп тұр? Бас прокурор кез келген сыни мақалалар немесе ақпарат үшін емес, ұлттық заңнамаға қайшы келген жағдайда, Конституцияға қарсы, жалпы алғанда, заң талаптарына қайшы келгенде ғана осындай шараларға баруы мүмкін. Бұл құқықтық мемлекетке тән талаптар емес пе?! Заң жобасында веб-сайттарды "Интернет-ресурс" ұғымына ауыстыру да белгілі топтардың көңілінен шықпады. Ұлттық қауіпсіздікті бұзатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өніміне тыйым салатындығы, әрине, шет елдің ақпараты және ақшалай көмек алып отырған ақпарат көздері басшыларына жақпайтыны белгілі. Егер ғаламтор-ресурстарының модераторлары Қазақстан заңдарына сәйкес кейбір ұлттық заңнамаға қайшы келетін материалдарды өздері екшеп алып тастап отыратын болса, қандай қауіп туралы әңгіме болуы мүмкін? Ендігі бір мәселе - Интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралдарына жата ма, жатпай ма? Оппозициялық журналистік ұйымдар ғаламторды бұқаралық ақпарат құралдарына жатқызғысы келмейді. Бірақ ғаламтор ақпарат таратудың ең оңтайлы жолына айналғанын білсе де білгілері, көрсе де көргілері келмейді», - деді У.Қалижанұлы.Депутат мысал ретінде "Азаттық" радиосының директоры Едіге Мағауиннің өз сұхбатында ғаламторды ақпарат тарататын БАҚ деп мәлімдегенін және әлем мойындаған жүйе деп растағанын айтты. Ендеше, ғаламторды БАҚ туралы заң аясында қарау дау туғызбайтын шындық. «Осындай тайға таңба басқандай етіп айтылған сөзден кейін пікірталастардың қажеті жоқ шығар. Заң жобасының жеке адамдардың жеке салымдары мен жинақтарының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф және өзге де хабарларының құпиялылығын жариялауға ешқандай қатысы жоқ. Ол заңмен қорғалған»,- деді ол.Айта кету керек, аталмыш заң жобасы кеше Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл заң жобасында ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді беруді реттеудің жаңа тетігі ұсынылған. Енді аталған заң жобасын Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті екінші оқылымға дайындайтын болады.