Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, судьялар, сот жүйесінің ардагерлері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, өңір соттарының қызметкерлері қатысты.
Іс-шараны ашқан Асламбек Мерғалиев отставкаға шығуына байланысты Қарағанды облыстық сотының төрағасы лауазымындағы жұмысын аяқтаған Ерден Әріповке алғысын білдіріп, оның облыстың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Жаңа басшыны таныстыра отырып, Жоғарғы Сот Төрағасы Ғалым Кұлекеевтің сот жүйесінде айтарлықтай тәжірибесі бар, судьялар қауымдастығы арасында лайықты беделге және мінсіз кәсіби беделге ие екенін атап өтті.
Ол Ғалым Құлекеевтің басшылығымен Қарағанды облыстық соты сот төрелігін жүзеге асыру сапасын одан әрі арттыруды, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететініне, сондай-ақ қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыратынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Асламбек Мерғалиев өңірдің судьялар корпусының алдында тұрған басым міндеттерді белгіледі.
Заң үстемдігі қағидатын мүлтіксіз сақтауға, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге, соттардың ашықтығы мен сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға ерекше назар аударылады.
Ғалым Батырбекұлы Құлекеев 1979 жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласында дүниеге келген.
2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін бітірген.
2002 жылы – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика факультетін, ал 2024 жылы – сол ЖОО заң факультетінің магистратурасын аяқтаған.
2000-2007 жылдары сот жүйесі мен мемлекеттік органдарда түрлі қызметтер атқарды,
2007-2010 жылдары – Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы,
2010-2012 жылдары –Жамбыл облысы Жамбыл аудандық сотының төрағасы,
2012-2024 жылдары – Жамбыл облыстық сотының судьясы.
2024 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.