- Уақыт белдеуін ауыстыру туралы шешім қаншалықты дұрыс болды? Сонымен қатар дәрігер ретінде бұл шешімнің ел тұрғындарының денсаулығына әсері туралы айтып берсеңіз...
- Жалпы, медициналық тұрғыдан алғанда, астрономиялық дұрыс уақытқа көшу адамның табиғи биологиялық ырғағына сай келеді. Ұйқы мен сергектікті реттейін «Циркадтық ырғақ» табиғи жарық циклімен өте жақсы үйлеседі. Бұл іс жүзінде денсаулыққа оң әсерін тигізеді. Дегенмен, уақыт белдеуіне бейімделу, әсіресе уақыт өзгерген алғашқы аптада ұйқының бұзылуы, шаршау мен концентрацияның төмендеуі сынды уақытша қиындық туындататындығын да қаперге алған жөн. Ал астрономиялық дұрыс уақыттың денсаулыққа теріс әсер ететіндігін дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Бірақ, ағза реакциясында жекелеген өзгерістер болады.
- Уақыт белдеуінің ауысуына қалай оңай бейімделуге болады?
- Жеңіл бейімделу үшін мынадай қарапайым ғана ережелер ұсынылады: ұйқы режімін біртіндеп өзгерту; ұйықтар алдында кофе мен алкоголь ішпеу, күндіз таза ауада ұзақ уақыт серуендеу және тұрақты ұйқы кестесін сақтауға тырысу. Физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтану да жылдам бейімделуге септігін тигізеді.
- Соңғы уақытта бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты тұрғындар тарапынан сын айтылып келеді. Тіпті, арнайы петиция да жарияланған болатын. Сіздің ойыңызша, мұндай шағымның басты себебі не?
- Негізгі шағым жайсыздық сезіну және ұйқы мен сергектіктің үйреншікті режимінің уақытша бұзылуымен байланысты болып отыр. Адамдар ұйқының қанбауы, шаршау және күні бойы селқос жүру сынды сезімді бастан кешіруі мүмкін. Бұл әсіресе жұмыс кестесінің бейімделуі қиындау салаларда еңбек ететін адамдарда байқалады. Бұлар жаңа режимге ауысқаннан кейін туындайтын субъективті белгілер саналады. Дегенмен, олар бейімделу кезеңінде өмір сапасын айтарлықтай төмендетуі де ықтимал.
- Сұхбат басында «Циркадтық ырғақ» жайлы айтып қалып едіңіз. Соны қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз...
- «Циркадтық ырғақ» - ағзамыздың қашан ұйықтау керектігін, сергектігін, тамақтану мерзімін айқындауға көмектесетін «ішкі биологиялық сағатымыз». Бұл сағат күн сәулесімен үйлесіп, ағзаның ұйқы, гормондық белсенділік, зат алмасу сынды көптеген қызметін реттеп отырады. Бұл ырғақ бұзылған кезде, мәселен, уақыт ауысқан жағдайда ағза уақытша істен шығуы мүмкін.
Астрономдар мен астрофизиктер уақыт белдеуінің ауысуы орынды, астрономиялық дұрыс уақытқа жасалғанын айтады. Бұл түптеп келгенде теориялық тұрғыда денсаулыққа теріс әсерін тигізбеуі тиіс. Мұндай уақыт ауысуының зиянын дәлелдейтін ғылыми деректер жоқ. Мәселе негізінен субъективті қолайсыздықпен байланысты болып отыр. Өйткені, барлығының бірдей көңілінен шығатын мінсіз жағдай жасау мүмкін емес.
Еске сала кетейік, 1 наурыздан бастап Қазақстанда уақыт бір сағат артқа жылжыды.
Осыдан кейін өзгеріске қарсы шыққан қазақстандықтар бұрын қолданыста болған уақыт белдеуін қайтару жөніндегі петиция жариялады. Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Дегенмен, бірыңғай уақыт белдеуінің ел халқына әсері туралы зерттеу ұйымдастырылатыны хабарланды.