Ғалымдар аккумулятор батареяларының қауіпсіздігіне алаңдаулы

АСТАНА. KAZINFORM – Аккумуляторлық батареяларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін тиісті инфрақұрылым болмаса қауіп тудырады. Бұл пікірді Nazarbayev University энергетика және жаңа материалдар ғылыми орталығының директоры, профессор Жұмабай Бәкенов алға тартты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Литий-ионды батареялар өте қауіпті. Оларды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін арнайы технологиялар қажет, өйткені олардың құрамында жанғыш және улы материалдар бар. Ұялы телефонның кішкентай батареясында қаншама энергия бар, ал электромобиль батареясының қуатын елестете беріңіз», - дейді Жұмабай Бәкенов елордада өтіп жатқан INESS-2024 халықаралық конференциясында.

Сондай-ақ, конференцияға шақырылған қонақтардың арасында Samsung SDI-дің бұрынғы бас инженері, профессор Сун су Ким болды. Ол кезінде Samsung аккумуляторларын өндіруге жауапты болған.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Шетелдік мейман Ж.Бәкеновтың литий-ионды аккумуляторлардың қауіптілігі туралы дәйегін қолдап отыр. С. Ким электромобильдердің ішіне орнатылған батареялар жан - жақты және белгілі бір жағдайларда өте жарылғыш энергия көзі екенін түсіндірді.

Алайда, маман Қазақстан электромобильдер санының өсуіне әлі алаңдамауына болатынын айтады.

Оның сөзінше, қазақстандық ғалымдардың пайдаланылған аккумуляторларды болашақта кәдеге жарату немесе қайта өңдеу үшін технологияларды дайындауға жеткілікті уақыты бар. Сонымен қатар Сун су Ким пайдаланылған аккумуляторды жою және қайта кәдеге жарату оңай процедура емес және тиісті инфрақұрылымды дайындау бес жылға дейін созылуы мүмкін екенін айтып отыр.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік, бүгін Nazarbayev University-де қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған INESS-2024 наноматериалдар және энергия сақтаудың озық жүйелеріне арналған 12-ші халықаралық конференциясы басталды.

Үш күнге созылатын (7-9 тамыз) INESS конференциясы Орталық Азиядағы наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелерінің соңғы трендтерін талқылауға арналған жетекші платформа болып отыр. Айтулы шараға Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания, Тайвань және Қазақстаннан 150-ден астам зерттеуші ғалымдар қатысуда.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Биыл INESS халықаралық конференциясында энергия сақтау жүйелеріне арналған озық материалдар, сенсорлық материалдар мен технологиялар, энергия сақтаудың балама жүйелері, жаңартылатын энергия көздері, экология және тұрақты даму сияқты маңызды салалардағы технологиялық жетістіктердің мәселелері мен келешегі талқыланады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасыл энергетика және энергияны сақтау жүйелеріне арналған озық наноматериалдар саласындағы зерттеулер айрықша өзекті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform