Ғалымдар Альцгеймер ауруын емдеуде үміт күттіретін жаңалық ашты

Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі медицина тек Альцгеймер ауруын алдын алумен ғана шектелмей, зақымданған ми функцияларын қалпына келтіруге қауқарлы. Американдық ғалымдар осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Case Western Reserve University.

АҚШ-тағы Университеттік аурухана ғалымдар тобы Кливлендтегі Case Western Reserve университеті және Луис Стоукс Медициналық орталығымен бірлесіп зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижелері Cell Reports Medicine журналында жарияланған.

Ғалымдар Альцгеймер ауруына шалдыққанда мида NAD⁺ молекуласының деңгейі қатты төмендейтінін анықтаған. Бұл молекула клеткалардың энергия алуына қажет. Оның жетіспеушілігі нейрондардың жұмысын бұзып, қабынуды күшейтеді және ауруға байланысты зиянды ақуыздардың — амилоид пен таудың — жинақталуына әкеледі.

Эксперименттік препаратты сынау нәтижесінде клеткалар NAD⁺ деңгейін қалыпты ұстай алатыны байқалған. Тышқандарға жасалған зерттеу барысында патологиялық тау-белок мөлшері азайып, нейрондық байланыстар қалпына келіп, когнитивтік функциялар жақсарған.

— Негізгі қорытынды – бұл үміт хабары: Альцгеймер ауруының салдары әрдайым кері қайтарылмайтын процесс болып саналмайды. Белгілі жағдайларда зақымданған ми қалпына келіп, қайтадан жұмыс істей алады, — деді зерттеудің бас авторы Эндрю А. Пайпер.

Ғалымдар мәліметтердің әлі тек клиникаға дейінгі зерттеулерге негізделгенін ескертеді, бірақ алынған нәтижелер Альцгеймерді емдеуге қатысты зерттеушілер, дәрігерлер және пациенттердің тәсілін түбегейлі қайта қарауды қажет ететінін көрсетеді.

Бұдан бұрын ғалымдар депрессия мен диабеттің байланысын анықтағанын жазған едік.