ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған өнертабысқа патент алынып, зерттеу нәтижелері Q1–Q3 деңгейіндегі халықаралық ғылыми журналдарда жарияланды.
Ғылыми жұмыс барысында мамандар биоқоспаның асыл тұқымды бұқалардың репродуктивтік көрсеткіштеріне әсерін зерттеді. Нәтижесінде әзірлеменің жоғары тиімділігі дәлелденді, атап айтқанда, биоматериал сапасы мен оны пайдалану тиімділігі 30%-ға, ал жануарлардың көбею қабілеті 10%-ға артқаны анықталды.
Алынған «түйіршіктелген гомогенат» биоқоспасы толықтай табиғи және экологиялық таза өнім. Бұл оның заманауи мал шаруашылығы үшін болашағы зор шешімдердің бірі екенін дәлелдейді.
Әзірлеменің ғылыми маңызымен қатар, сала үшін тәжәрибелік құндылығы да жоғары. Оны қолдану асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсартуға, сонымен бірге елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Ғалымдардың айтуынша, биоқоспаның коммерциялық әлеуеті де жоғары және оны технологияны енгізу жөніндегі келісімдер аясында отандық тауар өндірушілермен бірлесіп өндіруге болады.
-Зерттеу нәтижелерінің Q1–Q3 деңгейіндегі халықаралық журналдарда жариялануы қазақстандық ғылыми мектептің деңгейінің жоғары екенін және жобаның халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалғанын көрсетеді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін асыл тұқымды сиыр алуға 6 пайыздық несие беру басталғаны туралы жаздық.