AIRI жасанды интеллект институтының мәліметінше, жаңа нейрожелі молекуланың үш өлшемді құрылымын талдап, оның химиялық формуласын автоматты түрде анықтай алады. Бұл әзірлеме физикалық 3D-модельдеу бағдарламалары мен заттардың қасиеттерін болжайтын жасанды интеллект жүйелерін өзара байланыстыруға жол ашады.
– Дәстүрлі бағдарламалар атомдар арасындағы қашықтықты өлшеп, оны кестелік мәндермен салыстыру арқылы химиялық байланыстарды анықтайды. Сондықтан өлшеудегі болмашы қателік те нәтиженің дәлдігіне әсер етеді. Ал жаңа алгоритм молекуланың бүкіл геометриялық құрылымын талдап, атомдар арасындағы байланыстар графын үш өлшемді координаттар негізінде құрады. Соның арқасында жүйенің дәлдігі 99,53 пайызға жетіп, қателер саны 20 есеге азайды, – делінген институт хабарламасында.
Жоба AIRI, Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебі, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Перспективалық зерттеулер орталығы, Томск мемлекеттік университеті және Орал федералдық университеті ғалымдарының қатысуымен әзірленген.
Қазіргі таңда молекулаларды модельдеу және олардың қасиеттерін болжау жүйелері әртүрлі деректер пішімдерін пайдаланады. Бірі атомдардың кеңістіктегі орналасуын сипаттайтын үш өлшемді модельдерге сүйенсе, екіншісі құрылымдық формулалар мен молекулалық графтарды қолданады. Осы айырмашылық олардың өзара тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіріп келген.
Жаңа алгоритм осы екі тәсілді байланыстырады. Жүйе атомдардың орналасуын талдап, олардың арасында байланыстың бес түрін – байланыссыз, дара, қос, үштік және ароматты байланыстарды анықтай алады.
Зерттеушілердің айтуынша, нейрожелі бүкіл молекуланы кешенді түрде талдайтындықтан, бұрынғы шешімдерге қарағанда жалған байланыстарды әлдеқайда аз анықтайды. Сонымен қатар жүйе құрамында су молекулалары көп болатын күрделі қосылыстарды да дәл модельдей алады. Бұл молекулаларды модельдеу және олардың қасиеттерін болжау жүйелерінің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қытай адамтектес робот шығарудан көш бастап тұр.