Ғалымдар Сатурнның табиғи серігінде тіршілік болуы мүмкін екенін анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Ғалымдар Сатурнның ең жұмбақ табиғи серіктерінің бірі Энцеладқа қатысты кезекті зерттеулерін жүргізді. Жаңа экспериментте Жердегі тіршілік иелері ол жақта өмір сүре ала ма деген сұраққа жауап іздеді, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: ESA

Мюнхендегі Людвиг Максимилиан университетінің, Регенсбург университетінің және Берлиннің Еркін университетінің ғалымдар тобы жүргізген зерттеу нәтижелері Science Advances журналында жарияланды.

Зертханада ғалымдар Энцеладтың қойнауындағы мұхит түбіне ұқсас жағдайларды жасады. Табиғи серіктің мұзды қабығының астында сұйық күйде су бар, ал оның астында қатты ядро жатыр.

Ғалымдар жасанды түрде жасалған ортаға Methanothermococcus okinawensis археясын орналастырды. Жерде бұл микроорганизм теңіз тереңіндегі гидротермиялық саңылаулардың айналасын мекендейді және оттегісіз өмір сүре алады. Энергияны сутегі мен көмірқышқыл газынан алады. Тәжірибе біржасушалы микроағза Энцеладқа ұқсас ортада да өсе берді әрі метан газын шығарды. Микроағза судың тау жыныстарымен әрекеттесуінен пайда болған сутегін пайдаланды және тіпті көмірқышқыл газының өте төмен концентрациясына да бейімделе алды.

Дегенмен, авторлар эксперимент нәтижелері Энцеладта тіршіліктің бар екенін дәлелдемейтінін атап көрсетеді. Тек оның геохимиялық жағдайлары, негізінен, құрлықтық микроорганизмдерге тән ең ежелгі метаболизм түрлерінің бірі үшін жеткілікті бола алатынын көрсетеді.

Энцелад астробиологиялық тұрғыдан Күн жүйесіндегі ең қызықты нысандардың бірі болып саналды. «Кассини» ғарыш кемесінің деректері Энцеладта ішкі сұйық мұхиттың бар екенін растады, ал оның мұзды бетінің астынан атқылап шығатын материалдан сутегі, метан, көмірқышқыл газы және органикалық қосылыстар анықталды. Бұрынғы зерттеулер мұндай орта метаногенді микроағзалар үшін қолайлы болуы мүмкін екенін көрсеткен.
Энцелад көптен бері ғалымдардың назарын аударып келеді. «Кассини» ғарыш кемесі оның бетінде көптеген жыраларды және мұзды қабығының астында жасырын мұхит жатқанын анықтады.

Сатурнның ең үлкен табиғи серігі Титанның да қойнауында мұхит бар екені белгілі. 

Америкалықтар 2040 жылға қарай Титанға сүңгуір қайық жібермек.