Ғалымдар сүт және өсімдік майларынан жаңа өнім жасады

АСТАНА. KAZINFROM — «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-тың еншілес ұйымы — «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары «W-баланс» функционалдық сары май — өсімдік майы негізіндегі спредті өндіру технологиясы мен рецептурасын әзірледі.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Әзірлеменің ерекшелігі — Омега-3 пен Омега-6 полиқанықпаған май қышқылдарының арақатынасын 1:5 деңгейінде қамтамасыз ететін сүт майы, рапс және зығыр майларының үйлестірілуінде.

«W-баланстың» дәстүрлі майлы өнімдерден айырмашылығы, оның рецептурасы май қышқылдарының берілген құрамы ескеріле отырып, сары майға тән органолептикалық қасиеттерін сақтап қалатындай етіп әзірленген.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өнімдегі майдың массалық үлесі 72,5%-ды құрайды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, өнімнің сіңімділігі 97–98%. Спредте қаныққан майлар мен холестерин мөлшері төмен. Өнім 10-нан 30 °С-қа дейінгі температурада өзінің жұмсақ әрі жағылу қасиетін сақтайды.

Әзірлеу барысында рецептуралар эксперименттік тұрғыдан пысықталып, эмульгирлеу мен кристалданудың температуралық және механикалық режимдері зерттелді. Сондай-ақ май қышқылдарының құрамына хроматографиялық зерттеулер жүргізілді.

Рецептурада отандық шикізатты — сүт майын, рапс және зығыр майларын пайдалану көзделген. Технологияны май-тоңмай өнеркәсібі кәсіпорындарының қолданыстағы өндірістік желілеріне интеграциялауға болады.

Әзірленген рецептура мен технологиялық режимдер негізінде технологиялық құжаттама әзірленді. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі (ҒҒТҚН) ресімделді.

Технология өнеркәсіптік ауқымда өндіруге дайындалды. Әзірлеме ГОСТ 34178–2017 және КО ТР 021/2011 талаптарын ескере отырып орындалды.

«W-баланс» спреді функционалдық және диеталық тағам өнімдерін өндіруге арналған. Сонымен қатар оны санаторийлік-курорттық және емдік-профилактикалық тамақтануға арналған өнімдерде, сондай-ақ Healthy Food сегментінде пайдалануға болады.

Қызығушылық танытқан кәсіпорындар үшін әзірлемені өндіріске енгізу мақсатында технологиялық құжаттаманы дайындау және тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетелік қазақстандық ғалымдар бал мен зімбірден жаңа сусын әзірлеген еді.