Ғалымдар вилт ауруына төзімді мақта сұрпын шығарды

Фото: АШМ

АСТАНА.KAZINFORM — «Мақта және бақша дақылдары ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жаңа мақта сұрпы — «Мақтаарал-5030» бойынша сынақтардың соңғы кезеңін аяқтап жатыр. Ағымдағы маусымда бұл сұрыпқа патент алу жоспарланып отыр.

— Сынақ нәтижелері бұл сұрыптың жоғары агрономиялық әлеуетке ие екенін көрсетті. Вегетациялық кезеңі — 110–115 күн. Шикі мақтаның өнімділігі — гектарына 43,5 центнер, бір қауашақтағы мақта массасы — шамамен 6,1–6,2 грамм. Талшық шығымы — 39,7%, ұзындығы — 33,5 мм, микронейр — 4,5, бұл тоқыма өнеркәсібіне қажетті сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Талшықтың сызықтық тығыздығы — 5300 мтекс, үзілу жүктемесі — 4,9 г/с.

Мамандардың ерекше назарын аудартқаны — сұрыптың вилт ауруына жоғары төзімділігі: жұқтыру жағдайында зақымдану деңгейі небәрі 0,1% болды, бұл «Береке-07» стандартты сұрпымен салыстырғанда (онда бұл көрсеткіш 0,4%-дан жоғары) әлдеқайда төмен, — делінген АШМ хабарламасында.

Морфологиялық белгілері бойынша «Мақтаарал-5030» — бұталары жайыла өсетін, биіктігі 120 см-ге дейін жететін өсімдік. Симподиальды бұтақтар 4–5-ші буында қалыптасады. Өсімдіктің жапырақтары — ірі, жасыл түсті. Қауашақтары 4–5 қалақшалы, дөңгелек пішінді, пісіп-жетілгенде жақсы ашылады. Талшығы — ақ әрі таза. 1000 тұқымның салмағы — шамамен 125 грамм.

Сұрып агротехникалық жағдайларға, әсіресе ерте себу мерзімдерінде жақсы бейімделеді. Ұсынылатын егіс схемасы — 90×1×10. Машинамен жинауға жақсы бейімделген. Орташа тұзданған және құнарсыз топырақтарда өсімдіктердің жиілігін гектарына 130–135 мың данаға дейін жеткізу ұсынылады. Ең жоғары нәтиже өнім қалыптасуының белсенді кезеңінде уақтылы суару жүргізілген жағдайда байқалады.

2024 жылдан бастап «Мақтаарал-5030» сорты Қазақстанда аудандастыруға рұқсат етілген сорттар тізіміне енгізілді.

Айта кетелік малдың жай-күйін анықтайтын смарт шешім ойлап табылғаны туралы жазған едік