Ғалымдар жаңа үрдістерді бейтарап сынаушылар позициясын ұстанып отыр — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Академиялық қауымдастықтар жаңа үрдістерді бейтарап сынаушылар позициясын ұстанып отыр. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан парламенттік тыңдалымда депутат Екатерина Смышляева айтты.
— Трансұлттық платформалардың басқарушылық билігінің артып келе жатқанын көріп отырмыз. Жекеменшік компаниялар іс жүзінде мемлекеттік институттардың орнын басып, миллиондаған адамдар үшін ережелерін белгілеп жатыр. Олар бізге қандай жаңалықтарды оқу керектігін, жұмысқа немен баруымызды, нені тыңдап, нені көруіміз керектігін шешеді. Бұған қоса олар юрисдикцияға жайлы ену үшін өздерінің реттеушілік дәстүрлерін барған сайын белсендірек таңа бастады. Цифрлық құқық саласындағы әлемдік күн тәртібінде геосаяси ықпал да бар. Алдыңғы орынға құқықтық егемендікті сақтау мәселесі шықты, — деді депутат.
Мұның үстіне оның айтуынша, дәстүрлі сараптамалық институттар шетте қалып отыр.
— Ғалымдарымыз бен академиялық қауымдастықтарымыз көбінесе жаңа үрдістерді бейтарап сынаушылар позициясын ұстануда. Өзгерістерге консерватизм мен қабылдамау сақталуда. Мен ғылыми заңгерлік және техникалық қауымдастыққа үндеу жасаймын. Бұл рөлден шығып, цифрлық дамудың нормативтік базасын қалыптастыру процестеріне белсенді араласу қажет. Парламент бастамашылық жасаған заң жобалары бойынша жүйелі академиялық тыңдаулар мұндай алаң бола алады деп есептеймін, — деді депутат.
Сондай-ақ ол цифрлық заңдарды іске асыру үшін цифрлық судьялар, адвокаттар, прокурорлар мен заң кеңесшілерін дайындауымыз қажеттігін, болашақта деректер экономикасында азаматтың цифрлық әмияны пайда болуы тиістігін айтты.