Калифорния университетінің (Ирвайн) зерттеушілері бұрын газ тәрізді «мини-Нептун» деп есептелген GJ 3378b шын мәнінде тасты ғаламшар болуы мүмкін деген қорытындыға келді.
Ғалымдардың есептеуінше, GJ 3378b-нің массасы Жер массасынан кемінде 2,3 есе үлкен. Ол өз жұлдызын шамамен 21,5 тәулікте бір айналып шығады.
Зерттеушілердің айтуынша, ғаламшар өз жұлдызынан Жердің Күннен алатын энергиясының шамамен 90 пайызын алады. Сондықтан ол белгілі бір жағдайларда сұйық су болуы мүмкін «тіршілікке қолайлы аймақта» орналасқан.
Дегенмен бұл GJ 3378b-де тіршілік бар дегенді білдірмейді. Ғалымдар әзірге онда атмосфераның бар-жоғын және беткі қабатындағы жағдай қандай екенін білмейді.
Мамандардың пікірінше, бұл туралы нақтырақ мәліметті NASA 2040-жылдары ұшыруды жоспарлап отырған жаңа буын ғарыш телескоптары бере алады.
– Бұл өте қызықты ғаламшар. Ол – біздің ең жақын ғарыштық көршілеріміздің бірі, – деді зерттеу тобының жетекшісі Пол Робертсон.
GJ 3378b Жерден шамамен 25 жарық жылы қашықтықта орналасқан. Салыстыру үшін айтқанда, Құс жолы галактикасының диаметрі шамамен 100 мың жарық жылын құрайды. Алайда қазіргі технологиялар бұл ғаламшарға ғарыш аппаратын жіберуге мүмкіндік бермейді.
Еске сала кетсек, өткен айда АҚШ астрономдары «тым үлпілдек» ғаламшарларды анықтағанын хабарладық.