Ғалымдар жойылып кеткен бөкендерді ДНҚ арқылы қайта тірілтпекші

АСТАНА. KAZINFORM — Зерттеушілер музейде сақталған қалдықтардан алынған генетикалық материал мен заманауи биотехнологияларды қолданып, жойылып кеткен көкбөкенді қайта қалпына келтіру жобасымен айналысып жатыр. Бұл туралы BILD агенттігі жазды.

Фото: BILD

Ғалымдар жойылып кеткен көкбөкен — блаубокты қайта тірілтуге тырысып жатыр.

Бұл жануар шамамен 200 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен. Ол Африканың оңтүстігінде мекен еткен, көкшіл-сұр түгі мен иілген әдемі мүйіздерімен ерекшеленген. Еуропалық қоныстанушылардың қарқынды аң аулауынан, жануардың мекен ету ортасының азаюы салдарынан XIX ғасырдың басында толық жойылып кеткен.

Қазір блаубоктан тек мұражайда сақталған сүйек қалдықтары ғана қалып, олар зерттеуге негіз болып отыр.

Colossal Biosciences мамандары ежелгі ДНҚ негізінде жойылып кеткен жануарлардың геномын қалпына келтіру технологияларын әзірлеп жатыр.

Бұған дейін америкалық компания ежелгі қасқырды «қайта тірілту» жобасымен де танылған еді.

Енді зерттеу нысаны — көкбөкен. Ғалымдар оның ДНҚ-сын қазіргі туыстас түрі — жылқы антилопасымен салыстырып жатыр. Айырмашылықтары енгізіліп, соның негізінде жойылған түрге барынша ұқсас жануар жасау жоспарланған.

Келесі кезеңде өзгертілген жасуша ядросы алынған жұмыртқа жасушасына енгізіледі, ал эмбрионды «суррогат» жануар көтереді.

Жоба мерзімі әлі белгісіз. Бұл зерттеу бір жағынан экожүйеге әсері туралы пікірталас тудырса, екінші жағынан жоғалған түрлерді ішінара қалпына келтіруге мүмкіндік береді деген үміт бар.

Былтыр Қытайда бөкендерді бақылайтын робот-киік жасалды.