Галина Воскобоева тенниске қайта оралды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінде өнер көрсетеді.

Осылайша, 40 жастағы Г.Воскобоева кортқа қайта оралды. Ол дүйсенбі күні басталатын Вашингтон додасында жұптық сында ресейлік Камила Рахимовамен бірге бақ сынайды.

Сонымен қатар Г.Воскобоева АҚШ ашық чемпионаты қарсаңында бірнеше жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.

Спорттық жолында Галина әлемдік рейтингіде 2012 жылы мамырда 42-орынға дейін көтерілді.

Жұптық сында ол сол жылы тамызда одан да биік, 26-сатыда тұрды. Аустралия ашық чемпионаты мен Ролан Гарроста жұптық сында екі рет ширек финалға дейін жетті. 

Воскобоева WTA аясында соңғы ресми матчын 2021 жылы өткізген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Швейцариядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.