ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталмыш жарыста Қазақстан жастар құрама командасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте жарысты 36 ел ішінде 4-ші орынмен аяқтады.
Жарыстың бірінші күнінде 48 келіге дейінгі салмақта финалға қазақстандық қос дзюдошымыз шықты. Ғалия Тынбаева мен Ақмарал Науатбек арасындағы тартысты бәсеке қосымша уақытта Ғалия Тынбаеваның еншісіне шешілді. Нәтижесінде, Ғалия Тынбаева алтыннан алқа тақса, Ақмарал Науатбек күмісті місе тұтты.
Сондай-ақ, 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Мөлдір Нарынова ел қоржынын қола жүлдемен толықтырды. 52 келіге дейінгі салмақта күрескен Ақмарал Ерназар жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмегенімен, шешуші сәтте қарсыластарына есе жіберіп, жарысты 5-орынмен аяқтады.