«Бір мысал келтірейін, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына қарсы дәрі-дәрмектің бағасы көрші елдермен салыстырғанда он есе қымбат болған. Қазақстанда екі жыл бұрын АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы - авт.) шалдыққан бір адамды емдеуге 2 500 мың АҚШ доллары жұмсалды. Сол кезде Өзбекстанда - 250 доллар, ал Малайзияда 180 доллар болды. Иә, соңғы екі жылдың ішінде біздегі баға 800 долларға төмендеді. Дегенмен, соның өзі көрші елдермен салыстырғанда үш-төрт есе қымбат болып тұр», - деді профессор Құлжанов бүгін Астанадағы дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалану мәселелеріне арналған xалықаралық конференцияда.
Ғалымның айтуынша, дәрі-дәрмектердің бағасын төмендетудің арқасында емдеу шараларымен науқастарды көптеп қамтуға болады. Мәселен, бұрын АИТВ шалдыққан бір адамға 2500 доллар жұмсалса, қазір тура осы ақшаға үш адамды емдеуге мүмкіндік бар.
«Негізі, дамушы мемлекеттерде дәрі-дәрмектердің қымбатшылығы анық байқалады. Тіпті, дамыған мемлекеттерге қарағанда қымбат болып тұр. Ал сапасы сын көтермейді. Ондай бағалар экономикаға да, xалықтың әл-ауқатына да сәйкес келмейді. Оған қоса, жалған дәрі-дәрмектер аз емес», - деп атап көрсетті Құлжанов.