«Мырзатай Жодасбеков тәуелсiз Қазақстанның қалыптасуына баға жетпес үлес қосты. Ол бiздiң ел үшiн алғашқы, қиын жылдарда республиканың барлық рухани және мәдени өмiрiн басқарды», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мұрағат директоры Марат Әбсеметов.
«М. Жолдасбеков елдің сөзін ұстайтын нар тұлғалы мемлекетшіл тұлға, оның отандық саясатқа, ғылымға, мәдениетке және білім беру ісіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан біз ол кісінің мерейтойына орай аталмыш көрмені өткізуді шештік», - дейді ол.
Көрмеге ғалымның 100-ге тарта құжатының түпнұсқалары және жеке құнды заттарды қойылған.
М.Жолдасбеков - әйгілі түрколог, көптеген іргелі монографиялардың авторы, жазушы, ҚР ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыруға тер төккен дипломат, мемлекетшіл тұлға. Ол бірқатар университеттердің құрметті профессоры, ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі дипломатиялық дәрежесіне ие, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері.
Оның «Ежелгі әдебиет нұсқалары», «Күлтегін», «Асыл арналар», «Асыл сөздің атасы», «Ел тағдыры - ер тағдыры» шығармалары кеңінен танымал. Қытай, Түркия, Иранда жарияланған негіздемелік ғылыми-зерттеу еңбектері алдыңғы қатарлы елдердің ірі зерттеу орталықтары тарапынан зор қолдауға ие болып, әлемдік мәдениеттің құндылығына айналды.