Ғалымдар 400 жыл бұрын жазылған хаттарды тапты

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Жақында Оңтүстік Корея Республикасының археологтары Андоң қаласында осыдан 400 жыл бұрын қайтыс болған Интай есімді ер адамның мәйітін анықтады.

Сонымен қатар ғалымдар 1568 жылдың 1 мамырымен белгіленген оның жесір қалған әйелінің сағынышы баяндалған онға тарта хатын да тапты.

Хатта былай деп жазылған׃ «Сенің әрдайым бірге қартайып қарт кемпір-шал болайық, сосын бір күнде бірге бұл дүниеге қош айтайық деген сөзің әлі есімде. Қалайша мені тастап, жалғыз о дүниеге аттанып барасың?

Сенсіз мұнда өмір сүргім келмейді, жалынам, мені өзіңмен бірге ала кетші! Саған деген сезімімді ұмыта алмаймын, қазіргі көңіл күйімді тек өзім ғана түсіне аламын. Енді сенсіз мына жарық дүниеде маған орын жоқ...»

Археологтардың айтуынша, бұл мәйіттің ұзындығы 1,75 метр және сол замандағы еркектерге қарағанда әлдеқайда бойшаң болған.

Айта кетерлігі, хатта белгілеген уақыт атақты ағылшын жазушысы Шекспирдің (Ромео мен Джульетта) шығармалары жарыққа шыққан мерзімге сай келіп отыр.