Ғалымдар ақша банкноты құрамынан қатерлі ісік тудыратын зат тапты

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Ғалымдар әлемнің түрлі елдерінің ақша банкноттарынан қауіпті зат - бисфенол А тапты, деп хабарлайды Медициналық ақпарат желісі.

Мамандардың айтуынша, бисфенол А концентраты шекті мөлшерден асып түскен жағдайда көздің шырышты қабаты, тыныс алу жолдары қабынып, тері аурулары, тіпті, қатерлі ісік пайда болуы мүмкін.

Зерттеушілердің хабарлауынша, бисфенол А өндірісте, әсіресе пластик шөлмектер, спорт жабдықтары, электр құралдарының өндірісінде жиі қолданылады және оны пайдалану төңірегіндегі мәселелердің өзектілігі күн сайын арта түсуде. Сол себепті ғалымдар бірегей тәжірибе жұмысын жүргізді. Зерттеу барысында олар әлемнің 21 валютасының 156 купюрасын тексеріп, олардың әрқайсысының құрамынан бисфенол А қалдықтарын тапқан. Ол ақшаға қолмен ұстау арқылы, әсіресе құрамында бисфенол А бар касса чегін ұстағаннан кейін жұғады, деп түсіндірді мамандар.

Ғалымдардың айтуынша, айтылған жаңалыққа қарамастан, абыржудың қажеті жоқ. Себебі бисфенол А-ның тері арқылы ағзаға енуі мүмкін емес. Дегенмен, денсаулықты кез келген қатерден сақтау үшін жеке гигиена тазалығын ұстанып, үнемі қол жуу керектігін еске салады сарапшылар.