Ғалымдар: Әлемнің әрбір алтыншы тұрғыны өлімнен гөрі кәріліктен көбірек қорқады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарының зерттеушілері әлемнің түрлі елдерінде сауалнама жүргізіп, кейбір жандардың өлімнен бұрын кәріліктен көбірек қорқатынын анықтады, деп жазады шетелдік БАҚ.

Сауалнамаға түрлі ұлт өкілдерінен бірнеше мың адам қатысқан. Нәтижесінде, ғаламшардың әрбір алтыншы тұрғыны қартайып, ауырып өлгеннен, жастық шақта қаза тапқанды жөн көреді екен.

Мамандардың айтуынша, кейбір жауап берушілер үшін кәрілік өлімнен де қорқынышты.

Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі 80 жасты кәрілік деп есептейді. Барлық жауап берушінің ширек бөлігі 90 жасқа дейін өмір сүргісі келеді, ал кейбіреулері 100 жылдық мерейтойын тойлауға да қарсы емес.

Мұнда ерлер мен әйелдің кәрілікке деген көзқарасы бірдей екенін атап өткен жөн. Ал ұлтына байланысты, ғалымдардың сұрағына түрлі мемлекет түрлі жауап берген. Мәселен, Латын Америкасының тұрғындары жастай көз жұмуды жөн көреді, ал африкандықтар керісінше кәрілікке жеткісі келеді.