Ғалымдар Челябі метеоритінің қайдан келгенін анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Челябі метеоритінің шамамен 10 млн. жыл бұрын басқа аспан денесімен соқтығысуы - оның жерге құлауына себеп болған. Осындай шешімді РҒА-ның Сібір бөлімі мен Новосібір мемлекеттік университетінің ғалымдары мен Жапониядан келген әріптесімен бірге жасаған. Бұл туралы rosbalt.ru жазады.

Зерттеушілер метеорит фрагменттерінен аспан денелерінің құрамында сирек кездесетін жадеит минералын тапқан. Ол планеталарда аса жоғары қысым мен температурада қалыптасады, ал оның ұсақ фрагменттері аса жоғары жылдамдықпен ұшып келе жатқан аспан денелерінің соғылуынан қалыптасуы мүмкін.

«Барлық шағын аспан денелері өздерінен өздері пайда болмайды, олар - ірі астероидтардың жарықшақтары. Мұндай сынықтар астероидтардың басқа аспан денелерімен қақтығысынан пайда болады», - деп түсіндірді РҒА Геохимия және аналитикалық химия институтының геолого-минералогиялық ғылымдарының докторы Андрей Иванов.

Еске сала кетейік, метеорит Челябіге 2013 жылдың 15 ақпанында секундына 20 шақырым жылдамдықпен құлаған. Аспан денесінің диаметрі - 17 м, ал массасы 10 мың тоннаға жуық. Метеорит құлағаннан ғимарат шынылары бірнеше бөлікке бөлініп сынған. Адамдардың көбі ауруханаға көмекке жүгінген.