Ғалымдар: Ғаламдық жылымықтың әлі де алдын алуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парникті газдар эмиссиясының арта түсуіне қарамастан Жердегі жаһандық жылыну үдерісін бақылауға алудың әлі де болса мүмкіншілігі бар. Бұл жайында Берлинде таныстырылған Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамасында айтылған, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Мамандар барынша шұғыл түрде газ, мұнай және көмірді өндіру және жағу саласынан инвестицияны балама энергия көздерін дамытуға бағыттау қажеттігіне кеңес беруде. Сарапшылар тобының бағалауынша, экономикалық өсім жылына 1,6-дан 3 пайызға дейін құраған кезде теріс әсер небәрі шамамен 0,06 пайызды құрайтын болады. Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, 2000 және 2010 жылдары аралығында соңғы 30 жыл ішіндегі атмосфераға парникті газдар шығарындыларының мейілінше өскендігі байқалады. Егер мемлекеттер қоршаған ортаны қорғау проблемасына жұмыла кіріспесе, онда 2100 жылға қарай ғаламшардағы ауа температурасы 3,7-4,8 градусқа көтерілуі мүмкін. «Мұндай жағдайға жол бермеу үшін әлемдік қауымдастық осы ғасырдың ортасына қарай парникті газдар шығарындыларын 40-70 пайызға дейін қысқартуы қажет», - делінген баяндамада.