Ғалымдар қартаюға қарсы ем тапты
02:44, 30 Желтоқсан 2013
АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ғалымдар қартаю себептерін анықтап, онымен күресу жолын тапты.
Ғасырлар бойы адам баласы армандаған бұл дәріні зертханалық жағдайда тышқандарға беріп үлгеріпті. Зерттеулер Сиднейдегі Жаңа Оңтүстік Уэльс Университеті мен Гарвард университетінде жүргізілген, деп хабарлайды Росбалт.
«Сарапшылар кеміргіштердің ағзасындағы жасушаның уақыт өте келе энергия өндіру қабілетін жоғалтатынын байқаған. «Екі жастағы» тышқандарға NMN препаратын бергеннен кейін, олардың бұлшықеттері туғанына жарты жыл болған тышқандармен бірдей болған. Жаңа препарат адамдарға денсаулығын және жастығын ұзақ сақтап тұруға көмектеседі әрі қатерлі ісік, сусамыр (қант диабеті) секілді адам ағзасының қартаюымен байланысты аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды GlobalScience .