Ғалымдар: Қазақстанда туберкулезге қарсы тиімді дәрі-дәрмек жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ғалымдары туберкулезге қарсы тиімді дәрі-дәрмекті жасап шықты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жобаның ғылыми жетекшісі Мұрат Құлманов мәлім етті.

«Біз клиникалық зерттеулерді аяқтау кезеңіндеміз, яғни әлемдік стандарттар бойынша клиникалық сынақтың екі кезеңін өткіздік. Қазіргі кезде клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне кірісудеміз. Осыны аяқтағаннан кейін, препараттың нарыққа шығатындығы жайында айтуға болады»,- деді М. Құлманов. Оның сөзіне қарағанда, аталған препарат дәрілік құрамы жағынан туберкулезге қарсы тиімділігін байқатып отыр. Мәселен, осы дәрі-дәрмек арқылы ем-дом қабылдағандар стационардан екі есе жылдам шығады. Егер қазіргі қолданыстағы әдістермен емдеу шараларына 6-8 ай уақыт жұмсалса, ал жаңа препаратты қабылдағандар 2-3 айдың ішінде сауығатын көрінеді. «Соңғы 50 жылда туберкулезге қарсы препараттар мүлдем әзірленбеген», - деді ол.