Ғалымдар: Күн сәулесі қан қысымын төмендетеді

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Ұлыбританиядағы Эдинбург және Саутгемптон университеттерінің мамандары тәжірибе жүзінде күнге қыздырынудың қан қысымын төмендететіндігін дәлелдеді,

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС NBC телекомпаниясына сілтеме жасап.

Ғалымдар күн сәулесінің оң әсерінен адамның қан айналымына әсер ететін азот оксиді артады деген ұйғарымға келді. Олардың пікірінше, алынған нәтижелер солтүстіктегі елдердің тұрғындарының жүрек сырқаттарынан неліктен жиі қайтыс болатындықтарын ұғындыруға мүмкіндік береді.

«Біз тері обырынан өлім-жітімге ұшырау қаупін азайту мақсатында берілетін ұсыныстардың кері жағы да бар, олар кеңінен таралған жүрек-қан тамыры аурулары мен инсульттерден адам өлімінің артуына себеп болады деп қауіптенеміз. Себебі, бұл қағида «күн сәулесі адамның жүрек-қан тамыры дерттеріне шалдығуын азайтады» деген эпидемиологиялық мәліметтерге қарама-қайшы келеді», - дейді ғалымдар. Зерттеушілердің сынағына қатысқан еріктілер Еуропаның оңтүстігінде түс мезгілінде жарты сағаттан күнге қыздырынған. Тәжірибеден таза нәтиже алу үшін олар шамадан тыс күнге күюден сақтанған.