Ғалымдар шизофренияны емдеудің тың әдісін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Британ ғалымдары галюцинациялар кезінде сөйлейтін дауыстардың көшірмесін жасап, сол арқылы шизофренияға ұшырағандарды емдеп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі The Lancet Psychiatry журналына сілтеме жасап.

«Шизофрения кезінде науқастардың 70 пайызы сан алуан дауыстарды естиді. Көзіне елестейтін образдармен сөйлеседі. Ол елестер науқасқа ұрысады, тіл тигізеді, өзіне де, басқаларға да қауіпті әрекеттерге үндейді. Аурудың осы іспетті белгілерін дәрі-дәрмекпен азайтуға болады. Алайда ондай терапиядан кейін де дауыстар жоғалмайды», - дейді зерттеудің авторы, профессор Том Крейг.

Зерттеу кезінде 18-65 жас аралығындағы 150 науқасты сынақтан өткізді. Олардың барлығы - шизофрения пен психозбен ауыратындар. Алдымен науқастарды екі топқа бөлді. 75 адам психиатрда емделсе, тағы 75 науқас жаңа терапияға қатысты. Барлығы дәрі-дәрмек ішуді тоқтатқан жоқ.

Жаңа әдіс бойынша алдымен науқастардың жиі еститін дауыстары компьютерлік бағдарламаға салынып, көшірмесі жасалды. Ал дәрігер дәл сол дауыспен басқа бөлмеде отырған науқаспен сөйлесіп тұрды. Ондай терапия бір жарым айға созылды. Нәтижесінде галюцинациялар азайды, науқастардың күйзеліске түсуі сирей бастады.

Тура 12 аптадан кейін 75 науқастың жетеуі дыбыстық галюцинациялардың мүлдем естілмей кеткенін жеткізді. Ал психиатрға көрінгендердің ішінде ондай тек екі адам ғана болды.