Ғалымдар сомалилік қарақшылармен күрестің жаңа әдісін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық қоғамдастық Сомали жағалауларымен жүзіп өтетін кемелердің қауіпсіздігін қуатты шолғыншы кемелер флотының көмегімен қамтамасыз етуде.

Дегенмен, ғалымдар қарақшылықпен күрестің ең арзан әдісін ұсынып отыр. Яғни, бірнеше жол мен кеме айлағын салса жеткілікті. Өйткені, жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері басқа табыс көзінің болмауы салдарынан қарақшыларға қолдау көрсетуде, деп жазады British Journal of Criminology журналы.

Басылымның жазуына қарағанда, сомалилік кландар саудагерлерге рұқсат беру және блокпостар мен айлақтарда алым алу есебінен қаржы тауып отыр. Бұл оларға тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Бірақ, кейде қарақшыларға қамқорлық жасау да барынша тартымды болатыны бар.

Мұндай жайттың неліктен орын алатындығын түсіну үшін ғалымдар 2005-2012 жылдары аралығында басып алынған барлық кемелердің тұрақтаған орындарын картаға түсірген. Сөйтсе, қарақшылар тұрағының басым бөлігі сауда жолдары мен айлақтардан қашық аудандарда орналасқан.

Бұған қоса кедей аудандарда қарақшылық жергілікті сайлаулар қарсаңында күрт артып кететіндігі анықталған. Ғалымдардың пайымынша, ол жақтағы саясаткерлер өздерінің саяси жоспарларын жүзеге асыруға шұғыл арада қаржы қажет болғанда қарақшылардың іс-әрекеттеріне қолдау білдіріп келген.

Ал, елдің экономикасы тұрақтала бастағанда жергілікті элита қарақшылықтарды «лақтырып» кетіп отырған. Мәселен, 2005-2008 жылдары Босассо қаласы қарақшылар кәсібі өркендеген орталықтардың бірі болған. Дегенмен, 2009 жылы мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қойылған шектеу алынып, кедендік салықтардың басым бөлігі жергілікті бюджетке түсе бастағаннан кейін барлық тұтқындар босатылып, ал қарақшылар темір торға тоғытылған.

«Егер шалғайда орналасқан аудандардың инфрақұрылымын жақсартып, жол мен айлақ салу арқылы сауда жолына шығу мүмкіндігін жолға қойса, жергілікті элита өз еріктерімен қарақшыларға қолдау көрсетулерін доғарады. Тіпті, олармен өздері де белсене күресетін болады», - дейді зерттеу авторлары.