Ғалымдар сотта куәлік ете алмайтындардың тізімін кеңейтуді ұсынып отыр

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен куәгерлер мен жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мәселесіне арналған жиында ҚР Бас прокурорының көмекшісі Серік Темірболатов атап өткендей, бүгінде адамның туған-туыстары сотта куәлік ете алмайды.

Дегенмен, аталған тізімге жолдас, сыныптас, көрші-қолаң сияқты жақын адамдарды да қосу қажет, деп есептейді ол.

«Дәл осы мәселе ғалымдар арасында қызу талқыланып жатыр. Неге десеңіз, қазіргі кезде куәгерлік иммунитеті бар адамдардың тізімі бекітілген, яғни олар сотта куәгерлік ете алмайды. Дегенмен, достар, сыныптастар, группаластар, көрші-қолаң сияқты жақын адамдарда ондай иммунитеттің болмауы айқын дәлелдерді алуға кедергі келтіріп, сот әділдігіне кері әсерін тигізеді. Мәселен, сізді менің досым ретінде маған қарсы айғақ беруге шақырды дейік. Сонда сіз іштей мені ойлап, тергеуді мүлдем басқа жаққа алып кетуіңіз әбден мүмкін ғой. Иә, ол заңға қайшы. Ондайды жалған ақпарат беру дейді. Дегенмен, ол әрекетті алдымен дәлелдеу керек. Міне, сол себепті куәгерлік иммунитеті бар адамдардың қатарына туған-туыстармен бірге дос-жаран сияқты жақын адамдарды да қосу туралы ұсыныс бар», - дейді С.Темірболатов.

Оның айтуынша, адам өз досына қарсы ашық әрі нақты айғақ берген күннің өзінде оның арты үлкен дау-дамайларға ұласып жатады. Екі достың отбасылары арасында кикілжіңдер туындайды. Осыған байланысты ғалымдар сотта куәлік ете алмайтындардың тізімін ұлғайтуды ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар