Ғалымдар темекі адам өмірін 10 жылға қысқартатынын тағы да дәлелдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ ғалымдарының зерттеу қорытындысы бойынша, темекі шегетіндердің 67 пайызы никотиннің теріс әсерінен адам ағзасында пайда болатын түрлі дерттен қаза табады. Олардың өмірі темекі шекпейтіндерге қарағанда 10 жылға қысқаратынын жаңа ғылыми жұмыс анықтады, деп жазады Росбалт.

«Нақтырақ айтқанда, аталған ғылыми түйінді жасау үшін жүргізілген зерттеу жұмысына 200 мың адам қатыстырылған. Олардың денсаулығы 4 жыл бойы бақыланып, нәтижесінде темекі шегетіндердің өмірі орташа алғанда 10 жылға қысқа болатыны анықталды», делінген мақалада. Осыған дейін ғалымдар темекі шегетіндердің 50 пайызы дүниеден ерте озады деген болжам жасаған, соңғы ғылыми зерттеу олардың саны пайыздық көрсеткішке шаққанда 67-ге жететінін айтып отыр.