Ғалымдар: Twitter арқылы адамның қаншалықты бақытты екенін анықтауға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Айова университетінің қызметкерлері Twitter-дегі хабарламалар бойынша адамның бақыт деңгейі мен өз өміріне қанағаттану деңгейін анықтайтын арнайы алгоритмді ойлап тапты. Зерттеушілер 3 миллиард твитті талдап шыққан. Ғалымдар «мен», «мені» және «менің» сөздері жазылған хабарламаларды іріктеп алды, деп жазады The TeCake.

Зерттеу бақытты адамдардың твиттері ұзақ уақыт бойы өзгермегенін көрсетті. Олар аштық, жер сілкінісі, ірі спорттық шаралар немесе сайлау сиықты оқиғаларға тәуелді болған жоқ. Осы арада, алдыңғы зерттеулердің мәліметтерінше, сыртта болып жатқан оқиғалар адамдардың көңіл күйіне қатты әсер етеді. Сондай-ақ мамандар бақытсыз адамдар өз хабарламаларында жіктеу есімдіктері, жалғаулықтар және балағат сөздерді жиі қолданғанын анықтады.

Өз өміріне көңілі толмайтын қатысушылар болашағына үміт артып отырғанын білдіретін «керек», «болады», «үміттену», «қажетсіну» сөздерін 10 пайыз жиі қолданған. Ал өміріне риза бақытты адамдар өз твиттерінде негізінен 140-тан астап көп белгіні қолданды. Олардың хабарламаларында позитивтік сөздер көп айтылып, позитивті тақырыптар көп қозғалды. Мысалы, олар денсаулық, ақша және дін туралы жазды.