***
Еліміздің басты байлығы болып табылатын жер ресурстарын тиімді пайдалану - мемлекеттің көкейкесті стратегиялық мақсаттарының бірі. Осы мақсатқа сәйкес Елбасы Үкіметке, соның ішінде Жер ресурстарын басқару агенттігіне бірқатар тапсырмалар берген болатын. Ол тапсырмалар қалай орындалуда? Оның үстіне бүгін осы агенттіктің алқа мәжілісі өтпек. Осы оқиға алдында «Егемен Қазақстан» газеті агенттіктің төрағасы Қадырхан Отаровты әңгімеге тартқан. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Кадрларға байланысты негізгі мәселе - агенттіктің, әсіресе оның өңірлік аумақтық органдарының штаттық құрам санының әлі де аздығы. Аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда біздің мамандарымыз жоқ. Бұл туралы талай рет Үкіметке ұсыныстар енгізіліп, мәселе бірте-бірте шешімін табатын түрі бар. Алайда, орталық аппараттың және аумақтық органдардың санын және кәсіптік құрамын күшейту керек. Бұл күн тәртібіндегі мәселе», - дейді.
Жақында Хан Тәңірі шыңына шығуға аттанған экспедициядан қаралы хабар келіп жетті. Осы кезге дейін талай тауларға шығып, шыңдарды бағындырған альпинист Әділет Имамбеков қаза тапқан. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газеті жазды. «Қазір альпинистің бұл жағдайға қалай душар болғаны жөнінде ештеңе айта алмаймыз. Бір ғана белгілі нәрсе, ол қайтыс болған кезде 5 000 метр биіктіктегі шатырда болыпты. Одан басқа дерек жоқ. Ал Әділет Имамбеков кім еді? Интернеттен ол туралы көп нәрсеге қаныға алдық. Альпинист жігіт facebook пен басқа да әлеуметтік желілерде тіркеліп, өзінің ғаламтордағы достарымен жақсы байланыс ұстап тұрған екен. Мәселен, facebook әлеуметтік желісінің өзінде оның 379 досы болыпты. Солармен кезекті шыңды бағындыруға шыққанда хат жазысып, хабар алысып тұрғанын байқау қиын емес», - деп жазады басылым «Қыран қазасы қиянда» деген тақырыптағы мақаласында.
***
«Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев мұнай-газ компаниялары өз қызметкерлері үшін ведомстволық балабақша салу керек деп есептейді», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Атыраудың әкімі ашуға мінді» деген тақырыптағы мақаласында. «Бұл мәселені өткен жылдан бері көтеріп келеміз. Бұл жағдай ірі мұнай-газ компаниялары басшыларының алдында да айтылды. Орындамайды екен, онда басқаша жасау керек, мемлекеттік балабақшадан ірі компания қызметкерлерінің балаларын шығаруға тапсырма бердім», - депті облыс әкімі Атырауда өткен қалалық мәслихаттың сессиясында.
Осы басылымда Мәжіліс депутаты Сағиятулла Сәрсеновпен арадағы сұхбат «Басыңды құмға тыға бергеннен мәселе шешіле салмайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген халық қалаулысы: «Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта еліміздің жер-жерінде орын алған әлеуметтік еңбек дауларының салдары қоғамды дүр сілкіндірді. Мұндай келеңсіздіктер шағын өндірісі бар кәсіпорындарда орын алса, оның зардабы орасан болмас еді. Ал Қазақстанның кейбір ірі өндіріс орындарында болған жайсыздықтар сақтандырмай қоймайды. Жаңаөзенде, Қызылордада, Жезқазған өңірінде орын алған әлеуметтік-еңбек даулары мәселенің мәнісіне тереңірек үңілу қажеттігін көрсетіп берді», - дейді.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры, философия ғылымының докторы, профессор Ақтолқын Құлсариевамен арадағы сұхбат «Ғалымын сыйламаған ел өзінің болашағына балта шапқанмен парапар» деген тақырыппен берілген. Өзіне қойылған барлық саулдарға тұщымды жауап берген ғалым: «Ғалымын сыйламаған, мәдениетін әлпештемеген ел өзінің болашағына балта шапқанмен парапар. Ендеше, қалтасы қалың боғанмен, көкірегі көр пақырды емес, инемен құдық қазғандай бейнеті бар ғақлиялы ғалымды, азаматтығы мықты ақынды ардақтаңыздар, ағайын! Оларға да гүлзарды күткендей күтім керектігін естен шығармау қажет», - дейді.
***
«Экспресс К» газетінің жазуынша, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қаласының жүзден астам студенті Work and Travel бағдарламасымен демалыс кезінде АҚШ-қа барамыз деп алаяқтың арбауына түсіп қалды. Katherine Work and Travel агенттігі аталған студенттердің әрқайсысынан 2350 доллардан алып табандарын жалтыратқан. Алданған аңқаулар енді қаржы полициясына жүгінуде.