Ғалымжан Пірматов: Халықтың нақты кірісінің төмендеуі тұтынушылық сұранысты тежейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықтың нақты кірісінің төмендеуі тұтынушылық сұранысты тежейтін фактор болып отыр. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларында 4,5 пайызға өсті. Бұл Ұлттық банктің биылға белгілеген болжамдарына сәйкес келеді. Нақты сектор – 3,6, қызметтер саласындағы іскерлік белсенділік 4,9 пайызға артты. Ең жоғары өсу қарқыны құрылыс, сауда, ақпарат пен байланыс салаларында байқалды», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Ғалымжан Пірматовтің айтуынша, экономикадағы өсімнің оң үрдісі іскерлік белсенділік индексінің динамикасымен расталады. Ол маусым айында 51,1 мәніне дейін ұлғайды. Тұтынушылық кредиттер мен жоғары инфляциялық күтулер ішкі сұраныстың тұрақтылығына ықпал етіп отыр. Оны бөлшек тауар айналымының динамикасынан және тұтыну тауарлары импортының өсуінен көруге болады.

«Инвестициялық белсенділіктің кеңеюі де ішкі сұранысқа оң әсер етті. Биылғы қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі нақты мәнде 17,2 пайыз болды. Инвестицияның негізгі көлемі құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына тиесілі болды. Әлі де жоғары қалпында тұрған инфляцияға байланысты халықтың нақты кірісінің төмендеуі тұтынушылық сұранысты тежейтін фактор болып отыр», - деді ол.