Ғалымжан Пірматов инфляцияның төмендеуіне ықпал еткен сыртқы факторларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляцияның төмендеуіне ықпал еткен сыртқы факторларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдыңғы шешімде болжанғандай, сыртқы инфляциялық орта әлсіреуде. Жыл басынан бастап түрлі тауар нарықтарындағы құбылмалылық күшейіп келеді. Мұнай нарығында Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасы 1 баррель үшін 80 долларға жуық деңгейге дейін 7 пайызға төмендеді. Қысқа мерзімде коронавирусқа шалдыққандардың көбеюіне алып келген Қытай шекарасының ашылуы мұнай бағасының құбылуына себеп болды. Алайда, Қытайдың коронавирус шектеулерді алуы ұзақ мерзімді перспективада әлемдік экономиканың өсуіне түрткі болуы мүмкін»,- деді ҰБ төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Оның атап өтуінше, көптеген ірі елдердің өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділіктің төмендеуі, АҚШ пен Еуропадағы рецессия тәуекелдеріне байланысты алаңдаушылықтың өсуі де мұнай бағасының өзгеруіне ықпал етті. Эмбарго енгізілуіне орай Ресейден мұнай жеткізудің төмендеуі және ОПЕК елдерінде мұнай өндірудің қысқаруы жөніндегі келісімге байланысты мұнай бағасының құлдырауына жол берілмеді.

«Азық-түліктің әлемдік бағасы ақырындап төмендегенмен, жоғары күйінде қалып отыр. 2022 жылдың сәуір айынан бастап ФАО азық-түлік бағасының индексі қысқарып келеді. Желтоқсанда 1, 9пайызға қысқарды. Бұл өсімдік майы, дәнді дақылдар мен ет бағасының төмендеуіне байланысты. Жылдық мәнде индекс 1 пайызға төмендеді», - деді ол.

Ғалымжан Пірматовтың атап өтуінше, сыртқы инфляциялық ортаның жеңілдеуіне қарамастан дамыған елдердің ірі орталық банктері қатаң монетарлық саясатты жүргізуде. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық банкінің соңғы шешімі мөлшерлемелерді 4,5 және 2,5 пайызға көтеру болды.

«Осындай жағдайлар мен қысымның әлсіреуіне байланысты әлемдік энергетика мен тауар нарықтарында ұзақ уақыт ішінде алғаш рет тұтынушылық инфляция баяулады. Сауда серіктестері болып табылатын елдердің көбінде инфляция баяулауда. Қытайдағы инфляция желтоқсан айында 1,8 пайызды құрады. Еуроодақта тұтынушылық инфляция энергия бағасының төмендеуінен 2022 жылғы қараша айында 11,1 пайызға, Ресейде инфляция 12, пайызға дейін баяулады. Осы факторлардың барлығы Қазақстандағы инфляцияға төмендету ықпалын тигізеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.