Ғалымжан Пірматов іскерлік белсенділікті тежейтін негізгі себептерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта қалып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұрын-соңды болмаған шок салдарынан әлемде және Қазақстанда іскерлік белсенділік баяулады. Дегенмен, өткен жылдың желтоқсан айында жаһандық іскерлік белсенділік 48-ден 48,2-ге дейін біршама жақсарды. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі индекстің артуынан және қызмет көрсету саласындағы тұрақтану есебінен болды. Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта қалуына қарамастан, қарашадағы 48,9-дан желтоқсанда 49,2-ге дейін жақсарды. Іскерлік белсенділікті тежейтін негізгі себеп – логистикадағы проблемалар мен тауар жеткізудегі ұзақтық. Өндіріс секторында іскерлік белсенділік жақсарды», - деді Ғалымжан Пірматов.

Жалпы, оның дерегінше, бизнес жүргізудің болашақтағы талаптарына қатысты кәсіпорындардың күтулері оң.

Ағымдағы бизнес талаптары әлі де болса теріс деп бағаланып отыр.

«Жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективасына геосаяси шиеленіс, жоғары нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысым, энергия бағасының көтерілуі, үй шаруашылығындағы кірістердің әлсіз өсуі теріс әсер етіп отыр», - деді Ұлттық банк төрағасы.