Ғалымжан Пірматов теңгенің жиі құбылуына қандай ахуал әсер ететінін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылдың қорытындысында теңге 7,1 пайызға әлсіреді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз ахуал ұлттық валютаның динамикасына теріс әсер етті. Наурыз айында теңге бағамы 512,17 теңгеге дейін әлсірегеннен кейін мамыр айында 414,79 теңгеге дейін нығайды. Жыл қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 462,66 теңгеге дейін, яғни 7,1 пайызға әлсіреді», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның атап өтуінше, 2022 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 5,1 млрд доллар мөлшеріндегі валюталық түсімді сатуы, республикалық бюджетке ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін 4,3 млрд доллар мөлшерінде валюта сату, Ұлттық банктің 1,4 млрд доллар мөлшеріндегі валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті.

«Теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтағы ахуалға байланысты болады. Икемді бағам белгілеу валюта нарығындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал етеді», - деді ҰБ төрағасы.


Фото: primeminister.kz