Ғалымжан Пірматов: ҰБ экономиканы несиелеуден неғұрлым тезірек кеткені дұрыс

АСТАНА ҚазАқпарат – Ұлттық банк экономиканы несиелеуден неғұрлым тезірек кетсе, ұзақ мерзімде соғұрлым дұрыс. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов «7-20-25» бағдарламасының тиімділі туралы соындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдың шілде айынан басталған болатын. Бағдарлама басталған кезде оның бюджеті 1 трлн теңге деп белгіленді. Ол кезде базалық мөлшерлеме 9,25 пайыз болатын. Мүмкін сол кезде бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесін базалық мөлшермеге байлап тастау дұрыс болар ма еді?

Былтыр осы бағдарлама бойынша қазақстандықтарға 427 млрд теңге несие берілді. Бұл бағдарламаның басқа бағдарламалардан айырмашылығы – ешқандай шектеу жоқ. Тек пәтеріңіз болмауы керек. Бізде ақпарат бар, осы бағдарлама бойынша кейбір қазақстандықтар бір емес, бірнеше рет несие алған. Ұлттық бакнтің пікірі бойынша, мемлекет қазақстандықтарға мүмкіндігінше атаулы түрде көмектесуі керек. Бәріне бірдей, шегі жоқ мөлшерде арзан ипотека деген ұзақ мерзімде өзіміздің экономикамызға үлкен теріс әсерін береді», - деі ол БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде.

Оның айтуынша, мемлекеттің макроэкономикадағы қателері үшін айналып келгенде қарапайым қазақстандықтар төлейді. Соның салдарынан инфляция өседі, пәтерлердің құны өседі.

«Пәтер аламыз деп ақша жинап жүрген қазақстандықтар пәтердің бағасы өскен сайын сол пәтерге жетпеу тәуекелі көбейе береді.

Сондықтан мемлекет тарапынан жауапкершілігі жоғары макроэкономикалық саясат ұстанатын болсақ, ұзақ мерзімде бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге оң септігін тигізеді. Инфляция көбейе беретін болса, қазақстандықтардың күнделікті тапқан табысының құны түсіп кетіп, орта тұрмысты қазақстандықтардың жинаған қаржысы құнсызданады, нарықта сенімсіздік пайда болады.

Ұлттық банк экономиканы несиелеуден неғұрлым тезірек кетсе, ұзақ мерзімде соғұрлы дұрыс», - деді ол.

Айта кетейік, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.