ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Калгарида (Канада) фристайл-могулдан өткен әлем кубогы кезеңінің жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағанындай, 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ю.Галышева күміс, Д.Рейхерд қола медальға ие болды.
Юлия алты финалистің қатарына үздік нәтижемен өтті. Өткен жылғы әлем чемпионы жарыстың шешуші бөлігінде 80,69 балл жинап, екінші орынға көтерілді. Франциялық Перрин Лаффан (81,22 балл) чемпион атанса, канадалық Жюстин Дюфор-Лапуант (79,94 балл) үздік үштікті түйіндеді.
Д.Рейхерд бастапқыда бесінші нәтиже көрсетті. Дегенмен финалда ол өз көрсеткішін жақсартып, 84,19 балмен үшінші орынға ілікті. Канадалық Микаэль Кингсбери (89,09 балл) алтын, швециялық Уолтер Уолберг (85,10) күміс жүлдені еншіледі.
Айта кетейік, өткен жылы Калгарида Ю.Галышева жеңімпаз атанған болатын. Ал Д.Рейхерд үшін бұл – биылғы маусымдағы алғашқы жүлде.
Канадада осылайша әлем кубогының төртінші кезеңі мәреге жетті. Биыл әлем кубогының бір кезеңі Алматыдағы Шымбұлақта да өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).