Гамбург әуежайы барлық дерлік рейсті тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Ver.di кәсіподағы дүйсенбі күні елдегі 13 ірі әуежайда ереуіл ұйымдастыруға шақырды. Алайда Гамбург әуежайы оны бір күн бұрын бастауға шешім қабылдады, деп хабарлайды Еuronews.
Германиядағы Гамбург әуежайы жексенбі күні кенеттен жұмысын тоқтатты. Бұған қызметкерлердің жарияланбаған ереуілі себеп болды.
Жоспарланған 144 қону мен 139 ұшудың тек 10-ы ғана орындалды.
Бұл ретте Ver.di кәсіподағының бастамасымен Германияның ірі әуежайларында жаппай ереуіл дүйсенбіге жоспарланған еді.
Қатты ашуланған жолаушылар болған жағдайды «шектен шыққандық» деп атады.
Кәсіподақ хатшысы Ларс Штуббе жарияланбаған ереуілдің мақсаты — үлкен әсерге қол жеткізу екенін түсіндірді.
— Біз ереуілді алдын ала ескертусіз ұйымдастырдық, өйткені тәжірибеміз көрсеткендей, жұмыс беруші алдын ала білсе, оны кез келген жолмен болдырмауға тырысады. Әрине, бұл жолаушыларға ауыртпалық түсіреді және біздің әріптестеріміз мұны түсінеді. Соған қарамастан, олар 100% ереуілге қосылды, — деді Штуббе.
Қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің Ver.di кәсіподағы авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерін 24 сағаттық ескерту ереуілін өткізуге шақырды.
Олар дүйсенбі күні таңертең елдің 13 әуежайында, соның ішінде Франкфурт пен Мюнхенде басталуы тиіс.
Германия әуежайлары қауымдастығының (ADV) мәліметінше, бұл ереуіл 500 мыңнан астам жолаушыға әсер етіп, 3 400-ден астам рейс тоқтатылады деп күтілуде.
Кәсіподақтың мәлімдемесінде ереуіл «шамамен 25 000 қызметкердің еңбек жағдайын жақсарту» үшін қажет екені айтылған.
— Ереуіл Гамбург, Бремен, Ганновер, Берлин, Дюссельдорф, Визе, Дортмунд, Кёльн/Бонн, Лейпциг/Галле, Франкфурт, Штутгарт, Карлсруэ/Баден-Баден және Мюнхен әуежайларында өтеді, — деп растады Ver.di.
Айта кетелік Германияда қоғамдық көлік жұмысшылары жаппай ереуілге шығатыны туралы жазған едік.