Гамбург портында ірі өрт шығып, газ баллондары жарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Гамбург қаласының Феддель ауданында порт маңындағы қоймада ірі өрт шықты. Онда автокөліктер сақталған, деп хабарлайды BILD.

Фото: https://t.me/BILD_Russian/25000

Куәгерлердің айтуынша, порт ауданында газ баллондары жарылып, қалың түтін көкке көтерілген. Қала үстін басқан түтін бірнеше шақырым қашықтықтан да байқалады.

Оқиға орнына бірнеше өрт сөндіру бригадасы мен автосатылар жұмылдырылды. Қатты түтін көрші кәсіпорындарға тарады.

Полиция уақытша A1 автомагистралін екі бағытта жауып тастады, себебі жарылыстан кейінгі металл сынықтары жолға шашылып, кейбір көліктерге түскен.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Айта кетейік, Гамбургте пышақпен қаруланған әйел 12 адамды жарақаттады.