Ганьсу раушандары Қазақстанға экспортталды - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ганьсу раушандары Қазақстанға экспортталды - «Халық» газеті

Қытайдың Ганьсу өлкесінің Линься Дүңген автономды облысынан 6000 тал жаңа кесілген раушан гүлі Қазақстанға ұшақпен жіберілді. Бұл - балғын Линься раушандарының алғашқы экспорты, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті басылымы.

Аталған басылымның дерегінше, жаңа гүлдердің қауіпсіз және жылдам жөнелтілуін қамтамасыз ету үшін Линься Baiyi Yinong халықаралық гүл порты бүкіл процесте кепілдік етті.

Атап айтқанда, шапшаң қабылдау және тасымалдау, тұрақты температурада сақтау, тиісті процедуралардан жылдам өту, сондай-ақ тиеу және жеткізу шараларын атқарды. Бұл жолы алғашқы шетелдік тапсырыс Қазақстанға жөнелтілді. Жиыны 4 000 АҚШ доллары сомасындағы 10 000-нан астам гүл экспортталған.


Ұлттық спортқа арналған кездесуге шетелдегі қазақ тілді БАҚ өкілдері онлайн қатысты - «Kaznews»

«Ұлттық спорт қауымдастығы», Бас редакторлар клубы және Ұлттық медиа қауымдастығы ұйымдастырған кездесуге шетелдегі қазақ тілді БАҚ өкілдері онлайн форматта қатысты.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов келер жылы ұйымдастырылатын V дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы, ұлттық спортты насихаттау және «ALAMAN» медиа байқауы туралы кең көлемде ақпарат берді, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап бұл медиа байқаудың сыйлығы жарияланады.


Айта кетейік, байқау туралы толық ақпаратты alaman.ultsport.kz сайтынан білуге болады.

Моңғолиялық басылымның дерегінше, өткен мамыр айында Моңғолияның Қазақ Ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Ром Әуесханұлы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановпен кездесіп, меморандум орнатып қайтқан. Қыркүйек айында Баян-Өлгийде Аударыспақтан Азия біріншілігін өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, осы аптада «Kaznews» ақпараттық порталында «Футбол федерациясының бас демеушісі ретінде Turan World компаниясы жұмыс істейді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Бұл туралы ақпарат Turan World компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы мен аймақтық Футбол федерациясының басшысы Ертай Оралұлы арасындағы кездесуден кейін белгілі болды.


Тараптар 5 жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.

Келісім шарт аясында аймақтық футбол құрамасының киімдері толығымен жаңартылып, жарыстарға қатысу үшін қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады.

Сондай-ақ, аталған моңғолиялық БАҚ-та «Altai Academy» Ресейдің Алтай Республикасының университетімен ынтымақтастық орнатты» деген хабар жарық көрді.

«Kaznews»-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Баян-Өлгий аймағында орналасқан «Altai Academy» тіл үйрету орталығы Ресейдің Алтай Республикасының университетімен ынтымақтастық орнатты. Бұл туралы «Altai Academy» орталығының директоры Берік Әкебайұлы хабарлаған.


Аталған ынтымақтастық бойынша аймақтағы мектеп оқушыларының орыс тілінің біліктілігін арттыру мақсатында Ресейден ұстаздар Алтай академиясына тұрақты келіп тұрмақ.

10 мың метрлік геологиялық барлау ұңғымасын бұрғылау тереңдігі қазір 6 мыңға жетті - People.cn

Кейінгі жылдары Шыңжаңдағы Такламакан шөлінің ішкі бөлігінде орналасқан Қытай мұнайы Тарым мұнай кен орны үнемі жаңалықтар ашып келеді. Олар осы уақытқа дейін тереңдігі 8 000 метрден асатын 104 терең ұңғыманы сәтті бұрғылаған. Бұл нәтижелер жоспардағы тереңдігі 10 000 метр ұңғыма жобасы үшін жеткілікті негізгі жағдайларды, техникалық дайындықты және тәжірибе жинақтауды қамтамасыз етті, деп жазады Қытайдың People.cn.


Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Тарым ойпаты - мұнай мен газға бай, бірақ геологиялық құрылымы өте күрделі аймақ. Осы жылдың 30 мамырында Қытай мұнайы Тарым мұнай кен орнында Қытайдағы алғашқы 10 000 метрлік геотехникалық барлау ұңғымасы ресми түрде бұрғылана бастаған.

Ұңғымада Қытай дербес әзірлеген, тереңдігі 12 000 метр болатын әлемдегі алғашқы ультра терең ұңғымаларға арналған автоматтандырылған бұрғылау қондырғысы орнатылған. Өндіріс жұмыстарды 457 күнде аяқтауды жоспарлап отыр. Ал бұрғылаудың мақсатты тереңдігі - 11 100 метр.

«Мәліметтерге сәйкес, 27 тамыздағы жағдай бойынша қазір бұрғылау тереңдігі 6000 метрге жеткен», деп жазады People.cn.

Өзбекстан министрлігінде Қазақстан Елшісімен кездесу өтті - «ӨзА»


29 тамызда Өзбекстан Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінде министр О. Назарбеков пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б. Атамқұловтың кездесу өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Елшілік мәліметінше, дипломатиялық өкілдіктің басшысы Б. Атамқұлов министрді келе жатқан Өзбекстанның Тәуелсіздік күнінің 32 жылдығымен құттықтап, 2023 жылдың маусым айында Өзбекстанда Қазақстанның мәдениет күндерін (Ташкент, Бұхара, Самарқанд) өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірген.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Елші Өзбекстанның Орталық Азияның тарихы мен қазіргі мәдениетіндегі ерекше рөлін, сондай-ақ халықтарымыздың рухани жақындығын атап өткен.

Айта кетейік, кездесу барысында ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың алдағы жоспарлары белгіленді. Тараптардың ресми ақпарат көздері бойынша мәдени мазмұнды өзара кеңейту мәселелері талқыланды.

Үрімжіде ақындар айтысы өткізілді - «Harajorga»


Қытайдың Үрімжі қаласына қарасты Шуймогу ауданы тұңғыш рет ақындар айтысын өткізді. Аталған мәдени шараға 500 шақырым қашықтықтағы Шіңгіл ауданының ақындары келіп, сахнада өнер көрсетті, деп бастайды «Harajorga» әлеуметтік желісі «Шыңжаң газетіне» сілтеме жасап.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, 30 тамыз күні Үрімжі қаласы Шуймогу ауданындағы елдімекенде өткен айтыста алыс-жақын өңірден келген ақындар өнерлерін көрсеткен.

Атап айтқанда, Шуймогу ауданы Гыжиагу ауылында шымылдығын ашқан мәдени шараға Үрімжі қаласы Үрімжі ауданы, Алтай аймағы Шіңгіл ауданы және Санжы дүнген автономиялы облысындағы Шонжы ауданы қатарлы өңірлерден келген жыр жүйріктері өз өнерлері арқылы жергілікті тұрғындар мен туристердің ыстық ықыласына бөленген.

«Алдымен, сахнаға шыққан 500 шақырымнан астам жол басып Алтай аймағының Шіңгіл ауданынан арнайы келген белгілі айтыскер ақын Санатбек Байқадырұлы тамаша айтыс өнерімен көрермендерді тәнті етті», деп жазады қытайлық БАҚ.

Үрімжі қаласы Шуймогу ауданы мәдениет, дене-тәрбие және саяхат мекемесінің орынбасар бастығы Гау Янчинның айтуынша, бұл жолғы ақындар айтысы жаңа дәуірді, жаңа өзгерістерді дәстүрлі мәдениетпен ұштастырып, қалың бұқараның дәстүрлі мәдениетінің құдіретін сезінуіне мүмкіндік жасаған. Сондай-ақ, әр халықтың дәстүрлі мәдениетті жетілдіруге, жалғастыруға деген ынтасын оятқан. Соңғы уақыттарда Шуймогу ауданы мәдениет, дене-тәрбие және саяхат мекемесі әртүрлі мерекелерден пайдаланып, жалпы халықтық алаң биі жарысы, ән байқаулары сияқты бұқаралық мәдениет қимылдарын өткізіп келеді екен.

Қазақстан астық экспортын арттырды - «TRT»


Астықтың заңсыз келуіне жол бермеу үшін импортқа тыйым салу мерзімін тағы 6 айға ұзартқан Қазақстан Кавказ, Қытай және Ауғанстанға астық экспортын арттырып отыр, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Айта кетейік бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлаған.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметінше, 6 айда Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,1 миллион тонна астық экспорттаған Қазақстан жыл соңына дейін бұл көрсеткішті кемінде 6 миллионға дейін жеткізеді.

Коронавирустық пандемияға байланысты Қытайға 3 жыл экспорттай алмаған Қазақстан тыйым жойылғаннан кейін 6 айда 100 мың тоннадан астам бидай экспорттады.

Экспортты ұлғайту мақсатында екі ел арасында пойыз жөнелтілімін арттыру туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан АЭС салуды көздеп отыр - «Parstoday»


Қазақстан АЭС салу орнын белгілеу мен қажетті реакторды таңдау бойынша зерттеу жүргізді. Зерттеулер нәтижесі бойынша Алматы облысындағы Үлкен ауылы АЭС салуға қолайлы жер деп танылды.

Бұл туралы осы аптада ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Айта кету керек, Қазақстан заңдарына сәйкес, ядролық нысандар салу және атом қуатын пайдалу туралы шешімді ел үкіметі қабылдайды.

«Қазақстанның Энергетика министрлігі әлі АЭС салатын компания туралы шешім қабылдаған жоқ. Қытайдың CNNC компаниясы, Оңтүстік Кореяның KHNP компаниясы, Францияның EDF компаниясы, Ресейдің ROSATOM компаниясы осы жобаны орындауға үміткер ретінде қарастырылып отыр», деп жазды ирандық БАҚ.

Сағаттық жылдамдығы 350 км болатын теміржол сынаққа берілді - «Халық» газеті


Қытайда алғашқы жылдамдығы сағатына 350 шақырым теңізден өтетін жоғары жылдамдықты теміржол сынаққа берілді.

31 тамыз күні G55501 пойызы Фучжоудың Оңтүстік теміржол вокзалынан жолға шықты. Бұл Қытайдағы жылдамдығы сағатына 350 шақырым болатын теңізден өтетін алғашқы жоғары жылдамдықты Фучжоу-Сямэнь теміржолының ресми түрде сынақ ретінде іске қосылғанын білдіреді, деп хабарлайды kaz.people.cn.

Мәліметтерге сәйкес, Фучжоу-Сямэнь жүрдек теміржолы осы жылдың ішінде ашылу және пайдалану шарттарын дайындауды аяқтайды.

Жұмыс сынағы жоғары жылдамдықты рельсті ашу алдындағы соңғы маңызды буын болып табылады. Ол бірлескен іске қосылғаннан кейінгі сызба бойынша пойыздың жұмыс схемасының параметрлерін сынауды, ақауларды модельдеуді, авариялық-құтқару жаттығуларын және жүргізуді тексеруді білдіреді.