Гандбол: Қазақстан құрамасы Үндістанға есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өтіп жатқан гандболдан жасөспірім қыздар арасында Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Үндістанға есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық додаға барлығы бес команда қатысуда. Олардың қатарында Қазақстаннан өзге Үндістан, Иран, Өзбекстан және Таиланд құрамалары бар.

Бұған дейін Қазақстан қыздары Таиланд (28:20) және Иран (30:24) құрамаларын тізе бүктірді. Бүгін Үндістанға 21:29 есебімен жол беріп қойды.

Турнир кестесінде үш ойыннан кейін Үндістан, Иран және Қазақстан қоржынында төрт ұпайдан бар. Ал олардан бір ойын кем өткізген Өзбекстанда екі ұпай болса, үш кездесуде қарсыластарына есе жіберген Таиланд бірде-бір ұпайға қол жеткізген жоқ.

Қазақстан қыздары бұған дейін бір мәрте күміс (2007 жыл), үш мәрте қола (1998, 2011, 2015 жыл) жүлдегер атанды.

Құрлықтық додада жеңімпаз атанған құрама әлем чемпионатына жолдама алады.