Гандбол: Қазақстан қыздар құрамасы Азия біріншілігінде ойнайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 30 қарашада Жапонияның Кумамото қаласында гандболдан қыздар арасында Азия біріншілігі жалауын көтереді. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азия біріншілігінде барлығы 10 құрама бақ сынайды. Біздің қыздар А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Австралия, Жапония, Иран, Жаңа Зеландия. Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын 30 қарашада Австралияға қарсы өткізеді. Одан кейін 1 желтоқсанда Иранмен шеберлік байқасса, 2 желтоқсанда Жаңа Зеландиямен ойнайды. Ал 5 желтоқсанда Жапониямен кездеседі.

Ал В тобында Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Гонконг, Сингапур құрамалары бәсекеге түседі.

Финал мен 3 орын үшін сайыс 9 желтоқсанда болады.

Қазақстан қыздар құрамасы бұған дейін екі мәрте Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Алғаш 2002 жылы Оңтүстік Кореядан 27:25 есебімен басым түссе, 2010 жылы сол қарсыласын финалда 33:32 есебімен жеңді. Аталмыш екі Азия біріншілігі де Алматы қаласында өткізілген еді. Сондай-ақ, біздің құрама соңғы үш Азия біріншілігінде төртінші орынға тұрақтады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне тоғыз мәрте қатысқан.

Жалпы алғанда, Азия біріншілігі 1987 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін небәрі үш құрама ғана құрлық чемпионы атанған. Қазақстаннан басқа Оңтүстік Корея мен Жапония осындай табысқа қол жеткізген. Оңтүстік Корея 13, Жапония 1 мәрте алтыннан алқа тақты.