Гандболдан әлем чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы Украинаға есе жіберді

Фото: Фото: olympic.kz

Бүгін гандболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Украинамен кездесті, деп хабарлайды Kazınform. 

Қазақстандық гандболшылар G тобында сынға түсті. Қарсыластары – Бразилия, Испания және Украина.

Екі құрама жүлделерді сарапқа салуға мүмкіндік алатын плей-офф сатысына берілетін үшінші жолдамаға таласты.

Кездесуді украиналық гандболшылар белсенді бастады. Нәтижесінде бірінші кезеңде олар 19:12 есебімен жеңді.

Екінші кезеңде де сол қарқында ойын көрсетті. Бұл кезеңде укриналық құрама 18:12 есебімен басым түсті.

Екі кезеңнің нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы қарсыласына 24:37 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы Испаниядан 17:34, Бразилиядан 16:46 есебімен жеңіліп қалды.

Енді ел құрамасы 25-32 орындар үшін сайысқа түсетін құрамалардың қатарына қосылды.

Қазақстандық гандболшылар әлем чемпионатына жетінші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші – 2007 жылғы 18-орын.

Айта кетсек, әлем чемпионаты 1957 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін барлығы 14 құрама жеңімпаз тұғырына көтерілді. Олардың қатарында Норвегия мен Ресей 4, КСРО, ГДР 3, Франция 2, Венгрия, Югославия, Дания, Румыния, Нидерланд, Чехословакия, Германия, Оңтүстік Корея, Бразилия 1 мәрте алтын медальге ие болды.