Аталған чемпионатқа сегіз команда қатысуда. Азиялық гандбол федерациясының шешімі бойынша, бұл командалар А және В топтарына бөлініп ойын көрсетуде. Бірінші болып Қазақстан, Қытай, Иран және КХДР елдері кірген топ өнер көрсетуде. Екінші топқа Оңтүстік Корея, Жапония, Тайланд және Өзбекстан командалары кірген.
Қазақстан командасы алғашқы ойынды жақында ғана Азия ойындарын жеңіп алған Қытай елінің командасымен өткізіп, 25:22 есебімен жеңіске жетті. Бұл жеңіс ел командасына келесі жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама әкелді. Бірақ сайыс бұнымен біткен жоқ, ҚР құрамасының жаңа жаттықтырушысы Юн Тэ Ильдің айтуынша, өз жерімізде ең жоғары дәрежеде ойын көрсетуіміз керек. Сондай-ақ Қазақстан командасы 35:13 есебімен ирандықтарды ойсырата ұтты.
Естеріңізде болса, мұндай жарыс шаһарымызда екінші рет өткізіліп отыр. 2002 жылы ел командасы өз тарихында Алматыда өткен чемпионатта алтын медальды жеңіп алған болатын.