АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан гандболдан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы бүгін, 4 желтоқсанда екінші турда Оңтүстік Кореямен кездеседі.
Қазақстандық гандболшылар А тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары — Қытай, Сингапур және Оңтүстік Корея.
Алғашқы турда ел құрамасы Қытайды 28:26 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, 6 желтоқсанда олар Сингапурмен ойнайды.
Ал В тобында Жапония, Үндістан, Гонконг және Иран сынға түсіп жатыр.
Әрбір топтан алғашқы екі орындағы құрамалар плей-офф сатысына жолдама алады.
Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2002, 2010 жылдары Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдегер атанды.
Еске салсақ, олар былтыр әлем чемпионатында жалпы есепте 30-орынды місе тұтты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.