НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Гандболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшылар сенбі күні 3-орын үшін Иранмен күш сынасты. Қарсыластарынан 38:33 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды.
Еске салсақ, қазақстандық қыздар А тобында сынға түсті. Алдымен Сингапурден 33:18, Гонконгті 31:29, Өзбекстанды 31:28 есебімен жеңсе, Оңтүстік Кореяға 20:40 есебімен жол берді. Осылайша өзінің тобында екінші орын алды.
Жартылай финалда Жапонияға 24:38 есебімен жол берді.
Айта кетсек, құрлықтық дода 1987 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұған дейін Оңтүстік Корея 14 мәрте чемпион атанды. Ал Қазақстан құрамасы 2002 және 2010 жылдары екі мәрте жеңімпаз тұғырынан көрінді. Жапония бір мәрте алтыннан алқа тақты.
Биыл Азия чемпионы атағына Оңтүстік Корея құрамасы қол жеткізді. Олар финалда Жапониядан 33:24 есебімен басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.